Ақмоладан Жетісуға дейін: «Әділет» партиясының бастамалары аймақтарда таныстырылды

Ақмоладан Жетісуға дейін: «Әділет» партиясының бастамалары аймақтарда таныстырылды
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының сайлауалды штабы өкілдері өңірлердегі кездесулерін жалғастырып, азаматтармен ашық диалог алаңдарын ұйымдастыруды жалғастыруда. Штаб өкілдері Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорнының еңбек ұжымымен, Шығыс Қазақстандағы көлік саласы мамандарымен және Талдықорған қаласының тұрғындарымен өткен кездесулер барысында партияның 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары таныстырылды. Кездесулерде агроөнеркәсіпті дамыту, көлік инфрақұрылымын жаңғырту, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тең мүмкіндік қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Фермерлердің ұсынысы – партия назарында

«Әділет» партиясының Ақмола облыстық сайлауалды штабы ҚР Құрылтайы депутаттарын сайлау аясындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда. Осы бағыттағы кезекті кездесу Сандықтау ауданындағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Белуха» шаруа қожалығында өтті.

Кездесу барысында партия өкілі еңбек ұжымына «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру, фермерлерді мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, ауылдағы инфрақұрылымды жаңарту және еңбек адамдарының әлеуметтік қорғалуын күшейтуге бағытталған бастамалар жөнінде жан-жақты баяндады.

«Ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының маңызды тірегі. Сондықтан, біз үшін ауыл еңбеккерлерінің пікірін тыңдау, олардың күнделікті жұмысында кездесетін мәселелерді жан-жақты зерделеу және нақты шешімдер ұсыну – басты міндеттердің бірі. «Әділет» партиясы фермерлердің еңбегі лайықты бағаланып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы жақсаратын әділетті қоғам құру жолында жүйелі жұмыс жүргізуді мақсат етеді. Халықпен ашық диалог қана тиімді шешімдердің негізі бола алады, – деді өз сөзінде Құрылтай депутаттығына үміткер Берген Беспалинов. 

Еркін пікір алмасу форматында өткен жиында шаруа қожалығының қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әсіресе, өндірісті жаңарту, заманауи технологияларды енгізу, ауыл жастарын жұмыспен қамту және ауылдағы әлеуметтік нысандардың сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Партия өкілі азаматтардың әр ұсынысы мен бастамасы назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, халықпен ашық әрі сындарлы диалог орнату – «Әділет» партиясының басты қағидаттарының бірі екенін жеткізді.

Кездесу соңында қатысушыларға партияның сайлауалды бағдарламасы туралы ақпараттық материалдар таратылып, алдағы уақытта да ауыл тұрғындарымен тұрақты кездесулер ұйымдастырылып, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілетіні айтылды.

Көлік жүйесін жаңғырту – уақыт талабы

Партияның Шығыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Жанат Мекеева Өскеменде «Досжан Темір Жолы» ЖШС ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ол кәсіпорын қызметкерлеріне «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Кездесуде қозғалған басты мәселе – көлік инфрақұрылымын дамыту болды. Жанат Мекеева партияның сайлауалды бағдарламасында еліміздің көлік жүйесін жетілдіруге ерекше мән берілетінін атап өтті.

Ұсыныстар қатарында жолаушылар вагондары мен пойыздарды кезең-кезеңімен жаңарту, жылдам жүретін автобус бағыттарының (BRT) желісін дамыту, жаңа көлік-логистикалық тораптар құру, сондай-ақ бірыңғай билет жүйесін енгізу арқылы қала маңындағы көлік қатынасын жетілдіру қарастырылған.

Сонымен қатар бағдарлама шағын қалалар мен моноқалалардағы автобус парктерін жаңартуды, елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсартуды көздейді.

– Көлік инфрақұрылымы – бұл тек жолдар, пойыздар мен автобустар ғана емес. Бұл – адамдардың күнделікті жайлылығы, жұмыс орындарына, білім мен медициналық қызметтерге қолжетімділігі, сондай-ақ өңірлер экономикасының дамуы. Сондықтан «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында жолаушылар пойыздарын жаңарту, қоғамдық көлікті дамыту және ірі қалалармен қатар шағын елді мекендердің де көлік қолжетімділігін арттыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінген. Заманауи көлік шешімдері Қазақстанның әрбір тұрғынының игілігіне қызмет етуге тиіс деп есептейміз, – деді Жанат Мекеева.

Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, көлік саласын дамытуға қатысты өз пікірлерін бөлісті.

Тең мүмкіндік – әділетті қоғамның негізі

«Әділет» партиясы ел халқының 3,7 пайызын құрайтын мүгедектігі бар азаматтарды жан-жақты қомқорлық көрсетуді көздейді. Дәл осындай ойды, Құрылтай депутаттығына үміткер Елдос Баялышбаев Талдықорған қалалық жағажайда мүмкіндігі шектеулі жандардың шеруінде сөз етті. 

Облыс орталығында өткен іс-шарада «шектеулі» дегенді шектеу көрмеген қала тұрғындары «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтарды ұрандатып, жағажайға келушілерге саяси ұйымның алға қойған жоспарын таныстырды. Құрылтай депутаттығына үміткер Елдос Баялышбаевтың айтуынша, партия мүгедектігі бар жандарға барша жұртпен тең дәрежеде білім алып, еңбек етіп, еркін жүріп-тұруына және өз өміріне қатысты шешімдерді өзі қабылдауына жағдай жасауды көздейді.

«Әділет» партиясын мүгедектікті сырттай, проактив тәсілмен белгілеу тәжірибесін кеңейтеді. Соның арқасында азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшелеріне бармай-ақ қызмет ала алады. Қаражат адамға ілесіп жүреді деген қағидатпен мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар әлеуметтік, білім беру және оңалту қызметтерін көрсететін ұйымды өздері таңдай алатындай жеке әлеуметтік ваучерлер енгізіледі. Мүгедектігі бар азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуіндегі коммуникациялық және цифрлық кедергілер жойылады», – дейді Елдос Баялышбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар