ЖСДП өкілдері Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесті

/
ЖСДП өкілдері Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесті

Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Ақмола облыстық филиалының өкілдері Сандықтау ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Іс-шара Балкашин аудандық мәдениет үйінде ашық диалог форматында өтіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылауға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және мемлекеттік әлеуметтік саясатты жетілдіруге арналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесуге ҚР Құрылтайы депутаттығына кандидаттар Жанғали Ілияс Әбілқазыұлы мен Алшынбай Ару Мұратқызы, жергілікті қауымдастықтардың өкілдері, аудан тұрғындары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, партия белсенділері мен үгіт-насихат тобының мүшелері қатысты. Кездесуді ашқан Жанғали Ілияс азаматтар мен саяси институттар арасындағы тұрақты диалогтың маңыздылығын атап өтті.

«Егер кез келген бағдарлама халықтың нақты қажеттіліктеріне негізделмесе, оның тиімді болуы мүмкін емес. Біздің міндетіміз – тұрғындарды тыңдау, олардың мәселелерін түсіну және нақты шешімдерге қол жеткізу. Сондықтан мұндай кездесулер біз үшін ерекше маңызды», – деді кандидат.

Өз сөзінде ол ЖСДП-ның «Прогресс жолындағы 20 белес» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, өңірлерді дамыту, халық табысын арттыру, әлеуметтік әділеттілік және мемлекеттік органдар қызметіне қоғамдық бақылауды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Кездесу барысында Алшынбай Ару партияның әлеуметтік саясат, білім беру, денсаулық сақтау және ауылдық аумақтарды қолдау салаларындағы басым бағыттары туралы айтты.

«Қуатты мемлекет – қуатты өңірлерден басталады. Ауылдар мен аудандардың тұрғындары сапалы білімге, медициналық көмекке, жұмыс орындарына және заманауи инфрақұрылымға тең қол жеткізуі тиіс. Біздің бастамаларымыз дәл осы міндеттерді шешуге бағытталған», – деп атап өтті.

Ашық диалог барысында Сандықтау ауданының тұрғындары автомобиль жолдарының жағдайы, коммуналдық қызметтердің сапасы, ауыз сумен қамтамасыз ету, медициналық көмектің қолжетімділігі, жастарды қолдау, халықты жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелерін көтерді. Қатысушылар әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, елді мекендерді абаттандыру және жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде де ұсыныстарын білдірді. Талқылау барысында жас мамандарды қолдау, ауылдық мектептер мен медициналық мекемелерді сақтау, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Партия өкілдері барлық қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, әрбір ұсыныс пен өтініш қарастырылып, заңнамалық бастамалар мен Ұлттық Құрылтайға ұсыныстар әзірлеу барысында ескерілетінін атап өтті. Кездесу қорытындысында ЖСДП өкілдері Сандықтау ауданының тұрғындарына белсенді азаматтық ұстанымы мен мазмұнды диалог үшін алғыс білдірді.

«Елдің болашағы кабинеттерде емес, халықпен ашық сөйлесу арқылы қалыптасады. Мемлекеттік саясаттың басымдықтарын азаматтардың пікірі айқындауы тиіс», – деп атап өтті Ілияс Әбілқазыұлы.

Іс-шара қорытындысы бойынша азаматтардың ұсыныстары мен өтініштері жинақталып, ауданның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған ұсынымдар әзірленді. Кездесу қатысушылардың естелік суретке түсуімен және тұрғындармен бейресми әңгімелесумен аяқталды. ЖСДП өкілдері халықпен тікелей кездесулер тәжірибесі қоғамдық диалогты нығайтуға, өңірлерді дамытуға және азаматтардың мүдделерін қорғауға бағытталған партия жұмысының маңызды бөлігі болып қала беретінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар