ЖСДП кандидаты шымкенттік дәрігерлермен кездесу өткізді

/
ЖСДП кандидаты шымкенттік дәрігерлермен кездесу өткізді
ЖСДП сайты

ЖСДП кандидаты Қуандық Нұржау сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шара Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының базасында өтті. Кездесуге партия белсендісі Алмасхан Еспаев, медицина қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның сайлауалды бағдарламасын таныстыру, денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және медицина қызметкерлерінің пікірлері мен ұсыныстарын жинау болды.

Іс-шара барысында Қуандық Нұржау партияның денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған басым бағыттарына кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, азаматтарды сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті күшейту, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту және олардың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру мәселелері сөз болды.

«Дәрігердің еңбегі – жай ғана мамандық емес, бұл – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне адал қызмет ету. Сондықтан біз сіздерді толғандыратын мәселелерді тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын бірге талқылауға келдік. ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасында денсаулық сақтау саласына ерекше басымдық берілген. Сапалы медицина – әрбір азаматтың негізгі құқығы. Адамның өмірі мен денсаулығы ешқашан оның қаржылық жағдайына немесе тұрғылықты жеріне тәуелді болмауы тиіс», – деді Қуандық Ондасынұлы.

Спикер отандық медицинада оң өзгерістермен қатар, әлі де шешімін таппаған мәселелердің аз еместігін атап өтті.

«Алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі, кадр тапшылығы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты мәселелер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы – дәрігерлер де, тұрғындар да күн сайын көтеріп жүрген өзекті мәселелер. Сондықтан біздің партия ең алдымен денсаулық сақтау саласын мемлекеттік қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен арттыруды ұсынады. Бұл халықаралық озық тәжірибеге сай жүзеге асырылып, бөлінген әрбір теңге барынша тиімді әрі ашық жұмсалуы тиіс», – деді ол.

Сонымен қатар кездесуде дәрілік препараттардың тапшылығы және халықты қажетті дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттің міндеттемелері талқыланды. Сондай-ақ МӘМС жүйесін жетілдіру жолдары жан-жақты қарастырылды.

«Қандай бағдарлама қабылданса да, оның тиімділігі сіздердің кәсіби пікірлеріңізге тікелей байланысты. Сондықтан ұсыныстарыңыз бен сын-ескертпелеріңіз біз үшін аса маңызды. Менің басты міндеттерімнің бірі – сіздер көтерген барлық бастамаларды жүйелеп, оларды шешуге ықпал ету. Өйткені ұлт денсаулығы – мемлекеттің ең басты байлығы», – деп түйіндеді Қуандық Нұржау.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Медицина қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, Құрылтай депутаттығына кандидаттарға тікелей сұрақтар қою мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ олар денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстары мен саланы дамыту жөніндегі көзқарастарын ортаға салды.

Іс-шара соңында партия өкілдері айтылған барлық ұсыныстар бақылауға алынатынын мәлімдеді. Партия қоғамның өзекті сұраныстарын зерделеу мақсатында халықпен тұрақты түрде кездесулер өткізуді жалғастырып, көтерілген мәселелерді алдағы уақытта Қазақстан Республикасы Құрылтайының мінберінде көтеріп, олардың нақты шешілуіне күш салатынын жеткізді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар