Оралда жол апатынан қаза тапқан 47 жастағы ер адам төрт қызын жалғыз өзі тәрбиелеп келгені белгілі болды. Бір жыл бұрын жұбайынан айырылған отбасы енді әкесіз қалды, деп хабарлайды turkystan.kz mgorod.kz-ке сілтеме жасап.
Қайғылы жол-көлік оқиғасы 27 шілде күні Деркөл кенті маңындағы айналма жолда болған. Полицияның мәліметінше, Lada Granta жүргізушісі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Volkswagen Golf көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққыдан кейін Volkswagen көлігіне артынан келе жатқан Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусы да соғылған.
Апат салдарынан Volkswagen көлігін басқарған 47 жастағы Роман Бондарь оқиға орнында көз жұмды.
Марқұмның жақындарының айтуынша, ол былтыр қараша айында жұбайынан айырылғаннан кейін төрт қызын жалғыз өзі асырап, бірнеше жұмыста еңбек еткен. Отбасының кенже қызы небәрі тоғыз жаста.
Туыстарының сөзінше, жедел жәрдем қызметкерлері ер адамның өмірін сақтап қалуға тырысқанымен, алған ауыр жарақаттары салдарынан оны аман алып қалу мүмкін болмаған.
Марқұмның жақындары жол апатына кінәлі деп күдікке ілінген жүргізушінің жауапкершіліктен жалтарып кетпеуін сұрап отыр. Олар заң аясында әділ шешім қабылданады деп үміттенеді.
Қазіргі таңда отбасының 22 жастағы үлкен қызы кәмелетке толмаған үш сіңлісіне қамқоршы болу үшін қажетті құжаттарды рәсімдеуді бастаған.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған. Тергеу аясында қажетті сараптамалар тағайындалып, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.