Биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді – Үкімет

/
Биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді – Үкімет
istockphoto.com

Халықты жылу және электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Қысқы маусымның тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында Үкімет Энергетика министрлігі мен өңір әкімдіктері арқылы коммуналдық желілерді жаңғырту және энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл жұмыс Мемлекет басшысының «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған. Стратегиялық құжатта инфрақұрылымды жаңғыртуға, заманауи әрі экологиялық таза технологияларды енгізуге, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше назар аударылған.

Өткен жылыту маусымы: атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер

2025–2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық қаржыландыру көлемін арттыру арқылы жүргізілді

Инфрақұрылымды жаңартуға қомақты мемлекеттік және инвестициялық қаражат салынды:

2025 жылы электр стансаларын жөндеуге энергия нысандарының меншік иелері 348 млрд теңге бағыттады, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6%-ға артық.

Жылу желілерін жаңартуға 129 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16%-ға көп.

Бір жылда не жөнделді?

Стансаларда: 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді.

Желілерде: 17 мың шақырым электр беру желілері мен 420 қосалқы станса жаңартылды, сондай-ақ 323 шақырым тозған жылу желілері ауыстырылды.

Тұрғындар үшін әсері қандай?

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігі артып, жабдықтардың тозу деңгейі төмендеді. Атап айтқанда, электр стансаларындағы тозу деңгейі 53%-ға, жылу желілерінде 50%-ға, ал электр желісі нысандарында 66,2%-ға дейін төмендеді.

Ең суық кезеңде – өткен жылдың желтоқсан айындағы ең жоғары жүктеме кезінде – жүйе 17,3 ГВт қуат өндіру арқылы жүктемеге төтеп берді. Соның нәтижесінде тұрғын үйлердегі температуралық режимнің бұзылу жағдайлары республика бойынша үш есеге азайды: 65 жағдайдан 21 жағдайға дейін төмендеді. Стансалардағы технологиялық бұзушылықтар саны 15%-ға, ал электр желілеріндегі бұзушылықтар 12%-ға азайды. Әрбір жағдай бойынша мемлекеттік органдар тексеру жүргізіп, алдағы уақытта мұндай жағдайлардың қайталануын болдырмау бойынша тиісті шаралар қабылдады.

Сонымен қатар жылу электр орталықтарының жағдайы жақсарды: қабылданған шаралар нәтижесінде 5 ЖЭО тәуекелдің «қызыл» аймағынан анағұрлым тұрақты «сары» аймаққа шығарылды, тағы 3 ЖЭО «сары» аймақтан «жасыл» аймаққа өтті.

Және де қоймаларда жеткілікті көлемде отын қоры жасақталды. Халық пен әлеуметтік нысандардың қажеттіліктері үшін жоспар бойынша 7,5 млн тонна көмірдің орнына 8 млн тоннадан астам көмір дайындалды.

2026–2027 жылдардағы қысқы маусымға дайындық: ағымдағы жоспарлар және цифрлық бақылау

Қол жеткізілген нәтижелерді одан әрі нығайту мақсатында келесі жылыту маусымына дайындық жұмыстары үзіліссіз жалғасып жатыр. Қаржыландыру көлемі қайтадан ұлғайтылды – биыл тек электр стансаларын жөндеуге нысан иелері 384 млрд теңге бөлуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп.

Айта кету керек, бұл қаражат электр энергиясының тарифі есебінен қалыптасады. Әрбір станса жөндеу жұмыстарын бірінші кезекте жүргізуді қажет ететін ең тозған учаскелерді өз бетінше айқындайды.

Қазір ерекше бақылауда тәуекелдің «қызыл» аймағында тұрған 5 жылу энергетикалық нысан бар: Семей, Орал, Тараз қалаларындағы ЖЭО, Ақтау қаласындағы ЖЭО-2 және Теміртаудағы ГРЭС-1. Жыл қорытындысы бойынша электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозу деңгейін 52%-ға дейін төмендету жоспарланып отыр.

ЖЭО-лардағы жабдықтарды жөндеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

2026 жылы барлығы 9 энергоблокқа, 55 қазандыққа және 51 турбинаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Кейбір нысандарда жөндеу барысында бұрын анықталмаған жасырын ақаулар анықталуда.

Қазіргі жағдайы төмендегідей:

2 энергоблок толық дайын, тағы 2 энергоблокта жөндеу жұмыстары жалғасуда.

13 қазандыққа күрделі жөндеу аяқталды, 27 қазандық бойынша жұмыстар жүргізілуде.

8 турбина пайдалануға берілді, 16 нысанда жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Сонымен қатар жоспарлы ағымдағы жөндеу жұмыстары да қатар жүргізілуде – оған бүкіл ел бойынша қосалқы жабдықтардың 500-ден астам бірлігі қамтылған.

Электр желілері және жылу магистральдары

Желілік инфрақұрылым бойынша да кешенді жұмыстар жалғасуда:

Қазір шамамен 6,3 мың шақырым электр беру желілері, 135 қосалқы станса және 1 253 тарату пункті жөнделді. Жыл соңына дейін барлығы 17 мың шақырымнан астам электр беру желілерін және 3,4 мыңнан астам тарату пунктін жаңарту жоспарланып отыр.

Республика бойынша жоспарланған 377 шақырым құбырдың 65 шақырым жылу желісі пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта тағы 278 шақырым бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес орындалуда, жоспардан кешігу жоқ.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар