Міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталады. Бұл норма Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде бекітілген және оған ешқандай өзгеріс енгізілмейді, деп хабарлайды turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
2027 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктің өзі емес, заңнамада көзделген өтемақы төлемдерінің бірін жүзеге асыру тетігі өзгереді. Бұл ретте міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес толық көлемде өз күшінде қалады.
Аталған өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуына және азаматтардың өз зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндіктерінің кеңеюіне байланысты енгізілуде.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесінің бастапқы кезеңінде зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды тек мемлекет жүзеге асырып, инвестициялық шешімдерді өзі қабылдап, олардың нәтижесіне толық жауапты болды. Осыған байланысты инвестициялық кіріс пен инфляция деңгейі арасындағы айырманы өтеу тетігі енгізілген болатын.
Қазіргі уақытта заңнама азаматтарға өздерінің зейнетақы жинақтарының 100 пайызына дейін инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беру құқығын қарастырады. Бұған дейін бұл мүмкіндік жинақтардың 50 пайызына дейін ғана шектелген болатын.
Таңдау мүмкіндігінің кеңеюі салымшының зейнетақы активтерін басқару үдерісіне тікелей қатысуын білдіреді. Азаматтар енді басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және өздері үшін қолайлы инвестициялық тәуекел деңгейін дербес таңдай алады. Осыған байланысты азаматтардың таңдау мүмкіндіктерін кеңейте отырып, жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеу тетігі одан әрі жетілдірілуде.
Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының сақталуы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес толық қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін олардың сақталуын қамтамасыз ету және ұзақ мерзімді табыстылыққа қол жеткізу міндеттерін басшылыққа ала отырып басқаруды жалғастырады. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің 2024–2028 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес зейнетақы активтерін басқарудың негізгі мақсаттарының бірі – ұзақ мерзімді перспективада инфляция деңгейінен жоғары табыстылықты қамтамасыз ету.
Инвестициялық портфельді басқарушыларға қатысты заңнамада қаржылық тұрақтылыққа, меншікті капиталдың жеткіліктілігіне және кәсіби тәжірибеге қойылатын талаптар белгіленген. Сонымен қатар заңнамада көзделген жағдайларда ең төменгі кірістілік деңгейіне қол жеткізілмеген жағдайда, басқарушы компания тиісті айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.
Осылайша енгізіліп отырған өзгерістер жинақтаушы зейнетақы жүйесінің даму деңгейін, азаматтардың таңдау мүмкіндіктерінің кеңеюін және нарықтың кәсіби қатысушыларының жауапкершілігін арттыруды ескере отырып, зейнетақы жинақтарын басқару тетіктерін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Бұл ретте Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мемлекеттік кепілдіктер толық көлемде сақталады.