«Ата-анасы шығынды өтейді»: Семейде 6 жастағы бала көлікті өртеп жіберген

/
«Ата-анасы шығынды өтейді»: Семейде 6 жастағы бала көлікті өртеп жіберген
видеодан скриншот

Семейде полиция қызметкерлері 15 шілде күні 352-кварталдағы тұрғын үйдің ауласында болған автокөлік өртінің мән-жайын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тұрғын үйге жақын орналасқан автокөліктің жанғаны туралы хабар төтенше жағдайлар қызметіне сағат 18:05-те түскен.

Тексеру барысында полицейлер оқиға орнына жақын орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеді. Нәтижесінде өрт шықпас бұрын көліктің жанында кәмелетке толмаған үш  баланың болғаны анықталды. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың біреуі сіріңкені пайдаланып, көліктің жанындағы құрғақ шөпті тұтатқан. Жалын тарала бастағанда балалар қорқып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл жайт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінен алынған түсініктемелер барысында да расталды.

6 жастағы баланың ата-анасы автокөлік иесіне келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндетті болады.

Абай облысы Полиция департаменті ата-аналарға балалардың бос уақытын үнемі бақылауда ұстауды, оларға отпен қауіпсіз жұмыс істеу ережелерін түсіндіруді және қауіпті заттарды қараусыз қалдырмауды еске салады. Балалардың отпен ойнауы ауыр салдарға әкеліп, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, елеулі материалдық шығын келтіруі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары