Астана тұрғыны түнгі клубтардың бірінде спирттік ішімдік ішіп, газ толтырылған шарларды тұтынып, келушілерге себепсіз тиісіп, олардың мазасын алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осыған байланысты қонақтардың бірі қылмыскердің өрескел әрекеттеріне ескерту жасап, мұндай мінез-құлқының себебін сұрамақ болған.
Алайда қоғамдық тәртіпті сақтауға ниет білдірмеген бұзақы өзімен бірге болған газды тапаншаны шығарып, жәбірленушінің кеуде тұсына екі рет оқ атқан. Соның салдарынан зардап шеккен адамда дене жарақаттары пайда болған.
Бұдан соң қылмыскер оқиға орнынан дереу бой тасалаған.
Сотта атыс ұйымдастырушы кінәсін толық мойындады.
Сот үкімімен сотталушы газды қаруды қолдана отырып бұзақылық жасағаны үшін 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды.
Елорда прокуратурасы азматтарды қоғамдық орындарда заң талаптарын сақтауға шақырып, құқыққа қайшы әрекеттер үшін заңда көзделген жауаптылық туралы ескертеді.