Бельгиялықтар асырап алған қазақ қызы өзінің туған-туыстарымен қауышты

/
Бельгиялықтар асырап алған қазақ қызы өзінің туған-туыстарымен қауышты
stan.kz

Бала кезінде шетелдік отбасы асырап алған қазақ қызы биологиялық туыстарын тауып, олармен Бельгияда кездесті. Динара енді өзінің шыққан тегі мен отбасы тарихын білетінін айтты, деп turkystan.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бельгиялық Алекс пен Кони Динараны 2005 жылы Астанадағы балалар үйінен асырап алған. Ол кезде қыз небәрі бір жаста болған. Асырап алған отбасы оның Динара есімін сақтап, оған Анджелина деген қосымша ат берген.

Кони Фон Вуурен баланы алғаш көрген сәттен-ақ бауыр басып қалғанын еске алды.

"Мен нәрестені бірден ұнаттым. Кеткеннен кейін оның суретіне қайта-қайта қарай бердім. Құжаттарды рәсімдеуге екі ай уақыт кетті. Бұл өміріміздегі ең бақытты кезеңдердің бірі болды", – деді ол.

Динара 11 жасқа толғанда асырап алған ата-анасынан өзінің биологиялық отбасын табуға көмектесуді сұраған. Кейін ол Қазақстанға үш рет келіп, туған анасымен кездесіп, елдің мәдениетімен жақынырақ танысты.

Қыздың айтуынша, бұрын достары оның ата-анасы туралы сұрағанда жауап беруге қиналатын.

"Енді еш қиналмай айтып бере аламын. Мен кім екенімді, шыққан тегімді және тағдырымның қалай өрбігенін білемін", – деді Динара Сессель.

Оның биологиялық анасы үш жыл бұрын өмірден өткен. Алайда анасының туыстары Динарамен байланысын үзбей, онымен жүздесу үшін Бельгияға барған.

Динараның нағашысы Гүлзада Оразаеваның сөзінше, туыстары қызды 2009 жылы тапқан.

"Содан бері араласып келеміз. Бұрын бірге бола алмаған уақыттың орнын толтыруға тырысып жүрміз", – деді ол.

Қазір Динара қазақ тілін үйреніп жүр. Ол туған-туыстарымен қарым-қатынасын жалғастырып, енді бір-бірінен ажырамайтынын айтқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары