TikTok арқылы жоқ жиһазды сатып, алаяқтық жасаған әйел бас бостандығынан айырылды

/
TikTok арқылы жоқ жиһазды сатып, алаяқтық жасаған әйел бас бостандығынан айырылды
istockphoto.com

Жамбыл облысының Жамбыл аудандық соты ақпараттық жүйені пайдалана отырып алаяқтық жасағаны үшін айыпталған азаматша А.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылдың сәуірінде сотталушы өзін сатушы ретінде көрсете отырып, TikTok әлеуметтік желісінде жиһаз сату туралы хабарландыру жариялаған. Жәбірленуші акция бойынша 60 мың теңге тұратын диванға қызығушылық танытып, хабарландыруда көрсетілген телефон нөмірімен байланысқа шыққан.

Диванға алдын ала төлем жасау сылтауымен сотталушы сатып алушыны 25 мың теңгені басқа біреудің шотына аударуға көндірген. Ақшаны алғаннан кейін жиһаз жеткізілмеді және сатушымен байланыс үзілді. Алдаудың құрбаны болғанын түсінген әйел полицияға жүгінген.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкініш білдіріп, келтірілген залалды өз еркімен өтеген.

Жәбірленуші материалдық зиянның өтелгенін растап, заңға сәйкес жаза тағайындауды сұрады.

Сот сотталушы бұрын алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын және жазасын өтеу кезеңінде тиісті қорытынды жасамай, ұқсас жаңа қылмыс жасағанын ескерді.

Сот үкімімен А. ҚК 190-бабы 2-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған үкімдердің жиынтығы бойынша 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары