Литваның Вильнюс қаласында өткен 37-ші Халықаралық биология олимпиадасында (IBO-2026) Қазақстан құрамасы үш күміс және бір қола медаль жеңіп алды.
12-19 шілде аралығында ұйымдастырылған әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың біріне 84 елден 330-дан астам дарынды жас биолог қатысты. Олимпиада барысында қатысушылар теориялық тапсырмалармен қатар, зертханалық тәжірибелерден де сынға түсті.
Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық оқушылар үш күміс және бір қола медаль иеленіп, 1996 жылы қол жеткізілген ұлттық құраманың Халықаралық биология олимпиадасындағы үздік нәтижесін қайталады.
Қазақстан құрамасының жүлдегерлері:
Қайыркен Ерсұлтан – Павлодар облысындағы «Білім-инновация» дарынды ер балаларға арналған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
Әшірханов Әлихан – Алматы қаласындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Желтова Софья – Алматы қаласы Медеу ауданындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы;
Меженина Евгения – Қарағанды қаласындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы.
Құрама команданы Лейла Асқарова, Ілияс Сәкімов, Кәмилә Садықова және Дінмұхаммед Оразбаев дайындады.
Халықаралық биология олимпиадасы 1990 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан бұл білім додасына 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Өткен жылы ұлттық құрама төрт қола медаль еншілесе, биыл 1996 жылғы тарихи нәтижені қайталап, қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.