Астанада көлік тоннелінің құрылысына байланысты Алматы көшесінің бірнеше учаскесінде жыл соңына дейін көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қала әкімдігінің мәліметінше, шектеулер "Мәңгілік Ел" даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі аралықта Алматы көшесі бойымен көлік тоннелін салу жобасы аясында қолға алынған.
18 шілдеден бастап осы жылдың соңына дейін Ақмешіт көшесінен Түркістан көшесіне дейінгі Алматы көшесінің бөлігі толықтай жабылады.
Ал 20 шілдеден бастап жыл соңына дейін Ақмешіт көшесінен Сауран көшесіне дейінгі учаскеде де барлық көлік қозғалысы тоқтатылады.
Сонымен қатар Алматы көшесінің Сауран, Ақмешіт және Түркістан көшелерімен қиылыстары ашық болып, көліктердің жүруіне мүмкіндік беріледі.
Жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту мақсатында аталған аумақта уақытша жол белгілері мен бағыттаушы көрсеткіштер орнатылады.