Алакөл көлінде катер қағып кеткен 69 жастағы әйел ауыр жарақат алып, екі аяғынан айырылды. Қазір ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Turkystan.kz.
Оқиға 16 шілде күні Алакөлде болған. Бұл туралы бірнеше күннен кейін белгілі болды.
БАҚ мәліметінше, Алматы қаласының 69 жастағы тұрғыны көлде шомылып жүрген кезде қозғалыстағы катердің астына түскен. Ауыр жарақат алған әйел көп қан жоғалтқан күйде ауруханаға жеткізілген.
Дәрігерлер науқастың өмірін сақтап қалу үшін бірнеше күрделі ота жасап, екі аяғына ампутация жасауға мәжбүр болған.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Оның есі анық, өздігінен тыныс алады және дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.