Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина әлемдегі ең көп табыс табатын теннисшілердің ТОП-10 тізіміне енді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Sports.kz мәліметінше, қазақстандық спортшы 2026 жылдың қорытынды рейтингінде ең көп табыс тапқан теннисшілер арасында оныншы орынға тұрақтаған.
Елена Рыбакинаның бір жылдағы жалпы табысы 16,3 миллион АҚШ долларын құрады. Оның 11,3 миллион долларын ол турнирлердегі жүлде қоры есебінен тапса, тағы 5 миллион доллар демеушілік келісімшарттардан түскен.
Рейтингтің көшін испаниялық Карлос Алькарас бастап тұр. Оның жылдық табысы 62,9 миллион долларды құраған. Екінші орында – 59 миллион доллар табыс тапқан италиялық Янник Синнер. Үздік үштікті 40,3 миллион доллар табысымен америкалық Коко Гауфф түйіндеді.
Ал үздік ондыққа сондай-ақ Серена Уильямс, Арина Соболенко, Новак Джокович, Чжэн Циньвэнь, Ига Швёнтек және Александр Зверев те енген.
2026 жылғы әлемдегі ең көп табыс тапқан теннисшілер рейтингі:
Карлос Алькарас (Испания) – 62,9 млн АҚШ доллары;
Янник Синнер (Италия) – 59 млн АҚШ доллары;
Коко Гауфф (АҚШ) – 40,3 млн АҚШ доллары;
Серена Уильямс (АҚШ) – 40 млн АҚШ доллары;
Арина Соболенко (Беларусь) – 35,9 млн АҚШ доллары;
Новак Джокович (Сербия) – 25,6 млн АҚШ доллары;
Чжэн Циньвэнь (Қытай) – 24,6 млн АҚШ доллары;
Ига Швёнтек (Польша) – 22,8 млн АҚШ доллары;
Александр Зверев (Германия) – 16,7 млн АҚШ доллары;
Елена Рыбакина (Қазақстан) – 16,3 млн АҚШ доллары.