Әуелі – сайлау, сосын – таңдау

Әуелі – сайлау, сосын – таңдау

Әуелі – сайлау, сосын – таңдау
ашық дереккөзі

Францияда президент сайлауының бірінші туры өтті. Бұл мемлекеттегі сайлау басқа елдерде қалыптасқан жүйеден өзгеше. Француз сайлаушылары 23 сәуірде 11 үміткердің арасынан іріктеу жасап, алғашқы белесте ең көп дауыс жинаған екі үміткер – Эммануэль Макрон мен Марин Ле Пен суырылып алға шықты. Екінші кезеңде, яғни 7 мамырда сайлаушылар осы екеуінің арасынан таңдау жасайды. Біріне берілген басымдық екіншісі үшін жеңіліс болмақ. Әуелі – сайлау, сосын – таңдау. Ендігі мәселе екінші турда ел таңдауы кімге түсетініне байланысты. Франциядағы сайлау барысына көз тігіп, құлақ түріп отырғандар көп. Сырттан бақылап отырғандардың арасында қадағалап қана емес, астыртын әрекет етіп, сайлау нәтижесіне ықпал етуге ұмтылып отырғандардың болуы ғажап емес. Әсіресе, осы жолғы науқаннан Кремльдің қолтаңбасын іздеу трендке айналды. Былтырғы АҚШ сайлау науқанының тосын нәтижесі ешкімнің есінен шыға қойған жоқ. Ал оған Ресей араласқан деген сараптамалық қорытынды шығарған, 17 америкалық барлау-іздестіру ұйымдарының байбаламы тегін емес, сірә. Сондықтан «Кремль АҚШ сайлау науқанына астыртын ықпал етті» деген тұжырымға иланатындар енді осы сценарийдің Францияда қайталануын күтіп отыр. Күштінің әлсізге әлімжеттік етуі бағзыдан келе жатқан әдет. Ал ақпараттық заманда ықпал етудің құралы – сайлау технологиялары, жасырын насихат пен идеологиялық майдан. Қазіргі заманда алпауыт елдер басқа мемлекеттердегі сайлаулар нәтижесіне әсер етіп, өз қолайларына жағатын үміткерлерді билік басына келтіруге тырысады. Бұл жолы Франциядағы сайлау барысына Кремль астыртын ықпал етіп отыр деген күдік ашықтан-ашық айтылып жүр. Бұған беделді басты үміткерлердің Ресеймен қаржылық-экономикалық байланысы бар екені туралы деректердің өзі түрткі. Мысалы, Марин Ле Пеннің басшылығындағы «Ұлттық майдан» партиясы Ресейлік қаржылық институттардан жалпы сомасы 11 миллион еуроға жететін «несие» алғаны талай жел сөзге себеп болды.  Ал бұған Ле Пеннің Ресейдің Украина, Қырымға қатысты саясатын қолдаған мәлімдемелер жасағанын қоссақ, онда оны «ресейшіл», «орысшыл» көрудің тегін емес екені сезіледі. Бұған қоса, Ресейдің Еуропадағы «RT» мен «Sputnic» ақпарат құралдары, түрлі интернет-сайттар Марин Ле Пеннің сайлауалды бағдарламасын жариялап, оның саясатын насихаттауы отқа май құйғандай жел сөзді одан сайын қаулатты. Соңғы жылдары француздардың саяси элитаға деген сенімі күрт азайды. Бұған қазіргі президент Франсуа Олландтың сылбыр саясаты да себеп. Елде жүргізілген сауалнамаларға қарағанда, француздардың 89 пайызы «саясаткерлерді қарапайым адамдардың мүддесі толғандырмайды» деп санайды екен. Еуропадағы мигранттар дағдарысы, екі өкпеден қыспаққа алған экономикалық қиыншылықтар, терроризм мен экстремизм қаупінің өршуі – мұндай скептицизмнің туындауына түрткі болған себептердің бір парасы ғана. Осы жолы алты айлық сайлау науқаны кезінде додадан екі экс-президент, үш экс-премьер-министрдің шығып қалғаны қоғамда нигилизмнің белең ала бастағанын аңғартады. Оның ішінде, қазіргі президент Олландтың екінші рет сайлану құқығынан бас тартуы – сайлаушылар қолдауының жетімсіздігінен еді. Расында, он бір үміткер қатысқан сайлау науқаны соншалықты тартысты өтті деуге келмес, кеше ғана мемлекет бишігін ұстаған саясаткерлердің бірінші турға да жетпей, шаң қауып қалуы – қарапайым француздардың саяси элитаға деген ішкі қыжылының көрінісі. Бұл аз болса, соңғы жарты ғасырда билік басында болған оңшыл және солшыл партиялар қайраңға шығып қалды. Жексенбі күнгі сайлаудың қорытындысы Франция үшін анау айтқандай тосын емес. Алдын-ала жасалған болжамдар мен сараптамалар Макронның мерейі үстем шығуын, Ле Пеннің алғашқы үштіктің қатарында болуын растаған еді. Нақты нәтижесі болып солай шықты: Эммануэль Макрон  23,7 пайыз, ал Марин Ле Пен 22  пайыз дауыс жинап, екінші кезеңге өтті. Ендігі шайқас осы екеуінің арасында өтпек. Бірақ Ле Пеннің екінші кезеңнен өтіп, президенттікке сайлануы екіталай. Себебі екінші кезеңде француз сайлаушылары бұрыннан қалыптасқан әдет бойынша екі үміткердің қайсысының жұғымы көбірек болса, соған дауыс береді. Сайлаудан үш күн бұрын Елисей алаңында болған жарылыс елдегі қауіпсіздік шараларын күшейтуге себеп болды. Дауыс беру учаскелерінде күзет күшейіп, Ле Пен сияқты үміткерлер дауыс беруге қорғаушыларымен бірге келді. Оның бірінші турдан 22 пайыз алғаны – айтулы жеңіс. Себебі «Ұлттық майдан» құрылғалы қырық жылдың ішінде мұндай кең қолдауға ие болып көрген емес. Сондықтан Ле Пен екінші турда бәсекелесінен басым түсу үшін барын салады. Сондай-ақ дауыс беруге қатысқандардың қатары жыл сайын сиреп бара жатқаны байқалады. Француздар дауыс беру учаскелеріне баруға ықыласты емес, бұл жолы сайлаушылардың 69,4 пайызы ғана азаматтық құқығын пайдаланды. Олардың ішінде кімге дауыс беру туралы шешімін соңғы сәтте қабылдайтындар саны артып келеді. Бірақ екінші турда жағдай басқаша болмақ: енді сайлаушылардың көбісі Макронды сайлау үшін емес, Марин Ле Пенді президенттікке жібермес үшін оған «қарсы» дауыс береді.  Екінші турға өтпей қалған басқа үміткерлер өз сайлаушыларын осы екеудің біріне дауыс беруге үгіттейді. Қазірдің өзінде бірінші турдан «өтпей қалған» Франсуа Фийон мен Бенуа Амон кешегі қарсыласы Макронды қолдап, өз сайлаушыларын соған дауыс беруге үндеп жатыр. Шамасы, француз сайлаушыларының көбісі Эммануэль Макронды қолдауға мәжбүр болады, себебі әсіреоңшыл әрі әсіреұлтшыл деп айдар тағылған Марин Ле Пеннің билік басына келуінен қорқады. Ле Пеннің еуропалық интеграциядан бас тартып, еуро аймағынан шығып, ғаламданудан оқшаулануға қарай ойысуға үндеп жүргені Францияның өз ішінде ғана емес, сыртында да талайды үркітіп жүр. Мұны газетіміздің өткен сандарында егжей-тегжейлі жазғанбыз. Енді осыдан он бес жыл бұрынғы жағдай қайталана ма – қызығы сонда. Марин Ле Пеннің әкесі Жан-Мари Ле Пен 2002 жылы президент сайлауына қатысып, екінші турға өткен кезде, электораттың үріккені сонша, Жак Ширакты жақтырмаса да, мұрындарын қысқышпен қысып алып, оған дауыс берген. «Ұлттық майданнан» үріккен электорат тағы да Ле Пенге «қарсы» дауыс беретін болса, онда Макрон келесі президент болып анық сайланады. Ал 39 жастағы Эммануэль Макронның жөні бөлек. Ол – былтыр ғана құрылған, өзі айтпақшы «не оңшыл, не солшыл емес» «Алға!» қозғалысының жетекшісі. Либералды және ғаламдануды қолдаған мәлімдемелерімен қоғамның біраз бөлігіне, оның ішінде консерваторларға да, социалистерге де ұнай білді. Қазіргі президент Франсуа Олланд да Макронды қолдайды деген сыбыс бар. Биліктің басы-қасында болған басқа шенеуніктердей емес, Макрон сыбайлас жемқорлыққа қатысты дау-шарлардан әзірге аман. Қазіргі сауалнамаларға қарағанда, ол екінші турда 62-65 пайыз дауыс жинауы мүмкін. Оның саяси көзқарасы көбіне-көп Марин Ле Пенге түбірімен қайшы. Мысалы, Макрон Еуропалық одақты таратпақ түгілі, оны одан әрі күшейтуді қолдайды. Оның Францияның колониалды саясатын «адамзатқа қарсы жасалған қылмыс және нағыз жабайылық» деп атауы гуманистік пайымынан хабар береді. Макронның жеке басы оны басқа үміткерлерден өзгешелеп тұр. Ол – дәрігерлер отбасынан шыққан және элиталық жоғарғы оқу орнын бітірген түлек. Сондықтан оны «халықтың өз өкілі» деп атағаннан гөрі тұрмыс деңгейі бір саты жоғары шоғырдай ауқатты топтың шекпенінен шықты деу қисынды. Бұл аз болса, ол бұған дейін банкир, президенттің кеңесшісі, сосын министр қызметтерін атқарған. Былтыр қараша айында «Революция» атты кітабы жарық көріп еді, аз уақыттың ішінде бестселлерге айналды. Жеке өмірі туралы айтқанда, оның өзінен 24 жас үлкен Брижит Тронье атты әйелге үйленуін қарсыластары талай рет сан-саққа жүгірткен. Брижиттің бұрынғы күйеуінен үш баласы бар екен, ал Макронның өз кіндігінен тараған перзент туралы ақпарат жоқ. Шындығында, Макрон үйленгенде небәрі 29-да, ал Брижит 53-те болған екен, өзінің айтуынша, ол Брижитке жас күнінен, яғни француз тілінен сабақ алған 15 жасынан бері ғашық болған. Обалы нешік, түрлі сыпсың сөздерге қарамастан, Брижит ханым Макронның танымалдығының артуына біраз үлес қосты: француз газеттерінде екеуінің қол ұстасып бірге жүргені, Эммануэльдің өгей немерелеріне тамақ беріп отырған суреттері көп жарияланып, оған сүйсінушілер қатары артты. Француз газеттерінің оны жақсы көргені соншалық, Макронды «вундеркинд» немесе «бөгде ғаламшарлық» деп атап кеткен. Егер Макрон шынымен президенттікке сайланар болса, мемлекет басшыларының ішіндегі ең жасы ретінде тарихқа енеді. Әлі қырықтың қырқасына шықпаған кешегі банкир әрі министрдің жолы болғыш. Себебі егер Франсуа Фйион ақша дауына қалмаса, Франсуа Олланд саяси қателіктерге ұрынбаса және солшылдар арасына алауыздық кірмесе, Макронның жұлдызы оңынан тууы күмәнді еді. Бірақ саясатта біреу үшін батқан күн екінші біреудің таңы атқанын білдіреді. Шамасы, Эммануэль Макронның таңы рауандап келеді.