"Қатты қапа болдым": Балқашта демалған қазақстандық әйел келушілердің әрекетіне қынжылды

/
"Қатты қапа болдым": Балқашта демалған қазақстандық әйел келушілердің әрекетіне қынжылды
автордың әлеуметтік желідегі фотосы

Балқаш көлінің жағасында демалған қазақстандық әйел табиғат аясында қалған қоқысқа қынжылыс білдірді. Оның әлеуметтік желідегі жазбасы көпшіліктің назарын аударып, желі қолданушылары арасында қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әйелдің айтуынша, ол Балқашқа Астанадан демалуға барған. Көлдің әсем табиғаты мен көрінісі өзіне ерекше әсер қалдырғанымен, жағалаудағы кейбір демалушылардың жауапсыз әрекеті көңілін түсірген.

Ол табиғат аясында тынығып кеткен адамдардың өздерінен кейін пакеттер, пластик бөтелкелер және басқа да тұрмыстық қалдықтарды қалдырып кеткенін жазды. Автордың сөзінше, мұндай көрініс демалыстың әсерін бұзып қана қоймай, адамдардың қоршаған ортаға деген немқұрайлы көзқарасын көрсетеді.

"Шыны керек, табиғатта өзінен кейін қоқыс тастап кететін адамдар әлі де бар деп ойламаппын. Демалушылардың көбі пакеттерді, бөтелкелерді және басқа да қоқысты сол күйі қалдырып кеткен. Қарбыз қабықтарын айтпай-ақ қояйын, оларды көру жағымсыз болғанымен, уақыт өте шіриді. Ал пластик шірімейді. Табиғатқа деген осындай тұтынушылық көзқарасқа қатты қапа болдым. Артымызда не қалатынын ойлайықшы", – деп жазды ол.

Желі қолданушыларының көбі автордың пікірімен келіскен. Олар демалыс орындарында мұндай жағдай жиі кездесетінін айтып, табиғатты ластағандарға қатысты жауапкершілікті күшейту қажет екенін жазды.

Кейбір пікір қалдырушылар әр адам демалыстан кейін өз қоқысын жинап кетуді әдетке айналдыруы керек деп есептейді. Олардың сөзінше, табиғатты таза ұстау тек әкімдікке немесе арнайы қызметтерге ғана емес, әрбір азаматтың жеке мәдениеті мен жауапкершілігіне байланысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары