Қарағанды облысында асыл тұқымды малдарды ұрлаған екі азамат ұсталды

/
Қарағанды облысында асыл тұқымды малдарды ұрлаған екі азамат ұсталды
polisia.kz

Қарқаралы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бес бас ақбас тұқымды ірі қара малды ұрлады деген күдікпен екі азаматты ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға бойынша биылғы жылдың ақпан айында аудандық полиция бөліміне 43 жастағы шаруа қожалығының иесі жүгінген. Оның айтуынша, белгісіз тұлғалар өткен жылдың қазан-қараша айлары аралығында жайылымнан бес бас ірі қара малын ұрлап кеткен.

Келтірілген материалдық шығын көлемі 3 миллион теңгені құрады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, қылмысты ашу және күдіктілерді анықтау мақсатында арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

Криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген күдікпен аудан аумағындағы шаруа қожалықтарының бірінде жұмыс істейтін 44 және 61 жастағы екі азамат ұсталды.

Тергеу барысында күдіктілер кінәларын мойындап, жауап берді. Олардан қылмысқа қатысты айғақ заттар тәркіленді.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Полиция мал иелеріне малды қараусыз жайылымға жібермеуді, арнайы бақташылардың бақылауында ұстауды және таңбалау жұмыстарын уақытылы жүргізуді ескертеді. Бұл мал ұрлығының алдын алуға және қылмыс орын алған жағдайда оларды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары