Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында табиғат қорғау заңнамасы талаптарының бұзушылықтарын анықтау және жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Прокуратура Экология департаментімен бірігіп Теректі ауданының Жаңа Өмір ауылындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын тексерді.
Тексеру нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының бұзушылықтары анықталды.
Атап айтқанда, әкімдікпен экологиялық рұқсат талаптары орындалмаған: уәкілетті органдарға міндетті есептілік ұсынбаған, табиғат қорғау іс-шараларын жүзеге асырмаған, қалдықтардың есебін жүргізбеген, қалдықтарды полигон шегінен тыс орналастырған, сондай-ақ қатты тұрмыстық қалдықтардың жану фактілері орын алған.
Аталған бұзушылықтар бойынша Шаған ауылдық округі әкімінің аппаратына Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 4-бөлігімен әкімшілік айыппұл салынып, өндірілді.
Сондықтан прокуратура қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру талаптарын қатаң сақтау керектігін ескертеді.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.