Риззат Тасым: Жаңа Конституция – жаңа құқықтық дәуірдің бастауы

/
Риззат Тасым: Жаңа Конституция – жаңа құқықтық дәуірдің бастауы

1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енді. Саясаттанушы, Институционалдық талдау және реформалар орталығының директоры Риззат Тасым бұл оқиғаны жаңа құқықтық дәуірдің бастауы деп бағалап, жаңа Конституция елдің даму бағытын, мемлекеттік басқару қағидаттарын және қоғамның болашақ келбетін айқындайтын негізгі құжат екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Ең алдымен, жаңа Конституцияның күшіне енуін тек құқықтық құжаттың ауысуы деп қарамауымыз керек. Бұл – еліміздің мемлекеттік даму тұрғысынан жаңа кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.

Әрине, бүгін жаңа Конституция күшіне енгенімен, халықтың тұрмысы бірден өзгеріп кетпейді. Ол мемлекет, қоғам және адам қандай қағидаттармен өмір сүретінін, билік қалай жұмыс істейтінін және елдің қай бағытта дамитынын айқындайды.

Меніңше, ең маңызды өзгеріс – санадағы өзгеріс. Біз 30 жылдан астам уақыт посткеңестік өтпелі кезеңнің Конституциясымен өмір сүрдік. Ол өзінің тарихи миссиясын орындады. Енді жаңа Конституция Қазақстанды өтпелі мемлекет ретінде емес, өз даму моделін қалыптастырған ел ретінде қарастыруға мүмкіндік береді», – деді Р. Тасым.

Оның айтуынша, екінші маңызды мәселе – мемлекеттік басқару философиясының өзгеруі.

«Енді Конституцияның өзі негізгі қоғамдық келісімге айналды. Оның басты ерекшелігі – болашақтағы конституциялық өзгерістердің халықтың еркінсіз қабылдануына жол берілмейді. Бұл – мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтетін тетік.

Сонымен қатар, жаңа Конституцияда «Әділетті Қазақстан» идеясы басты бағдар ретінде айқындалды. Сондықтан оны белгілі бір деңгейде «Әділет хартиясы» деп те атауға болады. Жалпы, бүгінгі күнді мен жаңа құқықтық дәуірдің басталуымен қатар, жаңа қоғамдық ойлау мәдениетінің басталу нүктесі деп бағалар едім», – деді саясаттанушы.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары