Семейде полицей жанып жатқан үйден әйелді құтқарып қалды

/
Семейде полицей жанып жатқан үйден әйелді құтқарып қалды
polisia.kz

Семей қаласынан қайтып келе жатқан Бородулиха аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторының қызметкері Романовка ауылы маңынан қою қара түтінді байқаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бір сәт те кідірместен ол оқиға орнына қарай бет алды. Ол жеткен кезде тұрғын үйді жалын шарпып жатқан еді. Өрт лезде күшейіп, қою түтін ауланы түгелдей басқан болатын.

Полицей дереу төтенше жағдайлар қызметіне хабарлады, сондай-ақ үй ішінде әйел адамның қалғанын көрген.

Өрт сөндірушілер келгенше күтпестен, Руслан Кузьмин жанып жатқан үйге кіріп, үй иесін сыртқа алып шығады.

Әйелдің өміріне қауіп жоқ екеніне көз жеткізген соң, ол қайтадан отқа оранған үйге кіріп, құжаттар мен ең бағалы заттарды алып шығады.

Мұнымен оның көмегі аяқталған жоқ. Қора жақтан шыққан шуды естіген полицей онда үй жануарларының қалғанын байқап, қораның есігін ашып, малды қауіпсіз жерге шығарып үлгереді.

Осылайша ол өрттің бүкіл шаруашылықты жойып жіберуіне жол бермеді. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін полиция қызметкері жағдайды бақылауда ұстап, тілсіз өрттің салдарын барынша азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Руслан Кузьминнің айтуынша, сол сәтте ол өз өміріне төнген қауіп туралы мүлде ойламаған.

– Түтінді көрген бойда бір жағдай болғанын түсіндім. Жақындап келгенде үйдің ішінде адамның бар екенін байқадым. Мұндай сәтте ойлануға уақыт болмайды — ең бастысы адам өмірін құтқару. Одан кейін әлі де аман алып қалуға болатын дүниелерді: құжаттарды, заттарды және үй жануарларын сақтап қалуға тырыстым. Менің орнымда кез келген полиция қызметкері осылай әрекет етер еді, — деді ол.

Ал үй иесі үшін бұл өміріндегі ең қорқынышты сәттердің бірі болды.

– Өрттің қалай басталғанын да байқамай қалдым. Бір мезетте үйдің іші түтінге толып, абдырап қалдым. Егер Руслан болмағанда, оның соңы не боларын білмеймін. Ол мені үйден алып шықты, кейін қайта кіріп, құжаттарым мен заттарымды алып шықты, тіпті қорадағы малымды да аман алып қалды. Сол күні мен бәрінен айырылып қала жаздадым. Оның батылдығы, адамгершілігі мен жанашырлығы үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, — деді әйел.

Бұл оқиға полиция қызметі жұмыс уақытымен ғана шектелмейтінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін адамдардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау – тәуліктің қай уақыты болсын, қандай жағдай болса да, қызметтік міндетін атқарып жүргеніне қарамастан, басты қағида болып қала береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары