Ұлттық ұланда «BOOKGUARD» әдеби челленджі жалғасуда. Жыл басынан бері жоба қатысушылары төрт мыңнан астам кітап оқыды. Ең белсенді оқырмандардың қатарында мерзімді қызмет әскери қызметкерлері бар. Олар екі мыңнан астам шығарманы оқып шыққан. Сонымен қатар челленджге келісімшарт бойынша әскери қызметкерлер мен офицерлер де белсенді қатысуда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Челлендж қатысушыларының бірі елордалық 5573 әскери бөлімінің сарбазы Жасұлан Нұржанұлы. Мерзімді қызметке Шымкент қаласынан шақыртылған 19 жастағы ұландықтың кітап оқуға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Ол жас жауынгерлерге арналған дайындық курсынан өту барысында-ақ екі кітап оқып үлгерген.
Бүгінде сарбаз Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романын оқып жүр. Оның айтуынша, шығармадағы басты кейіпкердің тағдыры әрбір әскери қызметкерге қажетті табандылықтың және жауапкершіліктің маңызын тереңірек түсінуге көмектеседі.
Жасұлан оқыған кітаптардың ішінде Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» повесі ерекше орын алады. Болашақ қолбасшының балалық шағы туралы баяндайтын шығарма Отан қорғаушыға тұлғаның қалыптасуындағы отбасы тәрбиесінің құндылығын ұғынуға мүмкіндік берген.
Жасұлан болашақта жоғары білім алу үшін «Сарбаз 2.0» бағдарламасына қатысуды жоспарлап отыр. Сондықтан ол бос уақытын тиімді пайдаланып, әскери қызметті өзін-өзі дамыту және кітап оқумен ұштастыруға тырысады.

Еске сала кетейік, осы жылдың 6 сәуірінде «BOOKGUARD» әдеби челленджі Ұлттық ұланның Түркістан қаласындағы 5574 әскери бөлімінде бастау алып, кейіннен еліміздің барлық өңіріндегі құқықтық тәртіп әскерлерінің бөлімдерін қамтыды. Жоба әскери қызметкерлер арасында оқу мәдениетін дамытуға және өзін-өзі жетілдіруге деген қызығушылықты арттыруға бағытталған.