«Таза Қазақстан»: Ақтөбеде абаттандыру қағидаларын бұзғандарға айыппұл салынды

/
«Таза Қазақстан»: Ақтөбеде абаттандыру қағидаларын бұзғандарға айыппұл салынды
polisia.kz

Ақтөбе облысы полиция департаментінің қызметкерлері республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында елді мекендердің санитариялық тазалығын сақтау және абаттандыру талаптарының орындалуын қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицейлер тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға төгу, қоқыс үйінділерін заңсыз орналастыру, сондай-ақ аумақтарды күтіп-ұстау қағидаларын бұзу фактілерін анықтау бағытында тұрақты жұмыстар жүргізуде.

Мәселен, осы жылдың 24 маусымында Ақтөбе қаласындағы Ақжар-1 тұрғын алабының маңында КАМАЗ жүк көлігінің жүргізушісі қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгіп жатқан жерінен анықталды. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Рейдтік іс-шаралар барысында құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындардан тыс жерлерге тастау, сондай-ақ іргелес аумақтарды күтіп-ұстау талаптарын сақтамау фактілеріне ерекше назар аударылуда.

Полиция Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабына сәйкес “Елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін” әкімшілік жауапкершілік көзделгенін ескертеді. Құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қолданылады.

Полиция азаматтарды тазалық пен тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және рұқсат етілмеген қоқыс орындары туралы “102” арнасына хабарлауға шақырады. Осы бағыттағы рейдтік және профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде жалғасын табатын болады.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары