Алматы облысында алаяқтардың 500-ден астам хабарландыруы бұғатталды

/
Алматы облысында алаяқтардың 500-ден астам хабарландыруы бұғатталды
istockphoto.com

Жазғы демалыс маусымы мен мектеп демалысы қарсаңында тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы жалған хабарландыруларды орналастыруға байланысты интернет-алаяқтық фактілері көбейіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биылғы жылдың 5 айында республика аумағында болмаған қызметтерді көрсетуге байланысты 1700-ден астам қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген, оның ішінде 130-ы Алматы облысында жасалған.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында Алматы облысының прокуратурасы ірі интернет-платформалармен және цифрлық сервистермен өзара іс-қимылды жүйелі түрде жолға қоюда.

Атап айтқанда, Алматы облысының прокуратурасы мен «OLX Group» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында интернет-алаяқтық фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша тұрақты жұмыс жүргізілуде. 

Бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде тәуліктік тұрғын үйді жалға беру туралы алаң талаптарына сәйкес келмейтін және құқыққа қайшы әрекеттердің белгілері бар 518 хабарландыру анықталып, бұғатталды.

Қазіргі уақытта анықталған барлық хабарландыру авторларына қатысты прокуратураның тапсырмасы бойынша киберполиция қызметкерлері тексеру іс-шараларын жүргізуде.

Жүргізіліп жатқан жұмыс бүгіннің өзінде алаяқтық сипаттағы контентті уақтылы анықтауға, оның таралуын шектеуге және азаматтарды алдаудың ықтимал жағдайларының алдын алуға мүмкіндік беруде.

Алматы облысының прокуратурасы өңір тұрғындары мен қонақтарын интернет арқылы тұрғын үйді брондау кезінде қырағылық танытуға шақырады.

Хабарландырудың шынайылығына күмән туындаған немесе алаяқтық белгілері байқалған жағдайда мәміле жасаудан бас тартып, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет.

Азаматтардың құқықтарын қорғау және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Алматы облысы прокуратурасының тұрақты бақылауында және бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары