Жетісу облысы олиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері "Zhetysu Zhastary" және "Талдықорған жастары" жастар ұйымдарының өкілдерімен, колледж студенттерімен және еріктілермен кездесу өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шара барысында алкогольдік масаң күйде жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды. Қатысушыларға спирттік ішімдіктерді тұтынудың адам денсаулығына, қоғамдық тәртіпке және құқықтық жауапкершілікке әсері түсіндіріліп, салауатты өмір салтын ұстанудың және заң талаптарын сақтаудың маңыздылығы кеңінен айтылды.
Кездесу барысында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері құқық бұзушылықтардың алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау және "Заң мен Тәртіп" қағидаттарын қоғамда нығайту бағытындағы бірлескен жұмысты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Тараптар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтауға бағытталған бірлескен профилактикалық іс-шараларды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
Мұндай кездесулер құқық қорғау органдары мен жастар арасындағы өзара сенімді нығайтып қана қоймай, қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға оң ықпал етеді.
Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.