Қостанай облысының Науырзым аудандық сотында жол қозғалысы қағидаларын бұзып, абайсызда адам өліміне әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылғы 17 қазанда сағат 19:00 шамасында сотталушы Т. «КамАЗ» маркалы автокөлігін тіркемесімен басқарып, Науырзым ауданының Дәмді және Қожа ауылдары арасындағы автожолмен келе жатып, қозғалыс қауіпсіздігіне көз жеткізбеген. Кедергі пайда болған кезде көлік құралын толық тоқтатқанға дейін жылдамдықты төмендету шараларын қабылдамай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан қарсы бағытта келе жатқан Д.-ның басқаруындағы «Газель» автокөлігімен соқтығысқан.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде «Газель» автокөлігінің жүргізушісі Д. оқиға орнында қайтыс болған.
Жәбірленушілер сотта бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген мүліктік және моральдық зиянды ерікті түрде өтегенін, шын жүректен өкінгенін және кінәсін толық мойындағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сот Т.-ны кінәлі деп танып, оған 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын және 3 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.
ҚК-нің 63-бабы негізінде тағайындалған жаза шартты деп есептеліп, тағайындалған мерзімнің бүкіл кезеңіне пробациялық бақылау белгіленді.