Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бүгін Астанада өтіп жатқан «AMANAT» партиясының съезінде еліміздің жаңа даму кезеңінде жаңа мақсаттарға бірлескен жұмыс пен үлкен күш арқылы жетуге болатынын атап айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Менің ойымша, бүгін өте жақсы рух беретін съезд отырысы болды. Өйткені біздің жұмысымыз әрі қарай жалғасуда. Біздің миссиямыз жалғасуда. Әділетті, Қуатты, Прогрессивті Қазақстан құру жолындағы негізгі жұмыс осы жаңа біріккен партияның төңірегінде жалғасады. Ештеңе тоқтаған жоқ. Бұл – жалпы біздің еліміздің болашағы үшін келесі маңызды қадам», – дейді депутат.
Сонымен қатар депутат өз сөзінде «AMANAT» партиясының «Әділет» партиясымен бірігуінің маңызына тоқталып өтті.
«Нағыз мемлекетшіл, өз мүддесін мемлекет мүддесінен биік қоймайтын азаматтар ғана осындай шешімге барады деп ойлаймын. Сондықтан бүгін біз партия осындай шешімді қабылдады. Бұл шешім өңірлерде кеңінен талқыланды. Мұны бүгін съезд барысында өздеріңіз байқадыңыздар», – дейді депутат.