Солтүстік Қазақстанда полицейлер заңсыз көші-қон арнасын жойды

/
Солтүстік Қазақстанда полицейлер заңсыз көші-қон арнасын жойды
polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлері заңсыз көші-қонды ұйымдастырды деген күдікке ілінген топтың қызметін әшкереледі, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер шетел азаматтарына Қазақстан Республикасында уақытша тұруға құқық беретін жалған құжаттарды әзірлеумен айналысқан.

Жедел іс-шаралар барысында Петропавл қаласында екі күдікті ұсталды. Оларды тінту кезінде компьютерлік техника, электрондық ақпарат тасымалдағыштар және түрлі құжаттардың бланкілері тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған заңсыз қызметті пайдаланып, Қазақстан аумағында жұмысқа орналасуды көздеген 70-тен астам шетел азаматы анықталды.

Сонымен қатар Астана қаласында осы іске қатысы бар тағы бір күдікті анықталды. Полицейлердің мәліметінше, ол шетел азаматтарына медициналық анықтамалар алуға көмектесіп, олардың Қазақстан Республикасында болуын заңдастыруға қажетті құжаттарды рәсімдеуге қатысқан.

Ұстау шаралары облыс аумағында өткізілген "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүзеге асырылды. Іс-шараға көші-қон қызметінің мамандарымен қатар жедел бөлімшелердің қызметкерлері де жұмылдырылды.

Тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету қоғамдық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі екенін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары