Қауіпті өндірістердегі жазатайым оқиғалар үш есе азайды

/
Қауіпті өндірістердегі жазатайым оқиғалар үш есе азайды
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Биылғы жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның қауіпті өндірістік нысандарында 5 адам көз жұмды. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен (15 адам) салыстырғанда үш есе аз, деп хабарлайды Ranking.kz.

Жарақат алғандар саны да қысқарды: 8 адамнан 6 адамға дейін азайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел кәсіпорындарында 2,3 мың адам зардап шеккен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,3%-ға аз.

"Мұндай оң динамикаға ең алдымен жарақат алғандар санының азаюы ықпал етті. 2,1 мың адам әртүрлі жарақат пен зақым алған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13,2%-ға төмен. Бұл өндірістік жарақаттанудың алдын алу шараларының өз нәтижесін беріп жатқанын көрсетеді", - деп жазды портал.

Ал биылғы жылдың көрсеткіштері осы жалпы үрдісті растай түсті. 2025 жылы елдегі барлық кәсіпорында қаза тапқандар саны да 0,5%-ға қысқарды.

Өңірлердегі жағдай біркелкі емес екені байқалады. 2025 жылы зардап шеккендер мен қаза тапқандардың ең көп саны тау-кен өндіру саласы және онымен байланысты өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамыған өңірлерде тіркелді. Олар: Шығыс Қазақстан облысы – 287 адам, Қарағанды облысы – 277 адам және Ұлытау облысы – 252 адам.

Айта кету керек, зардап шеккендер мен қаза тапқандардың 34,2%-ы өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарында еңбек еткен. Бұл салада барлығы 796 адам зардап шексе немесе қаза тапса, олардың 35-і көз жұмған. Шахталарда, кеніштерде және басқа да тау-кен өндіру нысандарында 2025 жылы 380 қазақстандық зардап шекті, олардың 19-ы көз жұмды.

Биылғы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары өндірістік жарақаттану оқиғаларын жасырудың 39 дерегін тіркеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары