Мәжілісте жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы бірінші оқылымда таныстырылды. Құжатты депутат Абзал Құспан таныстырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы биыл 17 наурызда жаңа Конституцияның қабылдануына орай кешенді қылмыстық және әкімшілік рақымшылық жүргізілетінін жариялаған болатын. Осыған байланысты Үкіметпен бірлесіп арнайы заң жобасы әзірленді.
Заң жобасына сәйкес, қылмыстық теріс қылықтар, онша ауыр емес қылмыстар және келтірілген зиян толық өтелген орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша қозғалған істер тоқтатылуы мүмкін. Сондай-ақ осы санаттағы қылмыстар үшін сотталған азаматтарды жазадан босату қарастырылған.
Бұдан бөлек, орташа ауыр, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жазасының өтелмеген мерзімін қысқарту ұсынылып отыр. Атап айтқанда, орташа ауыр қылмыстар бойынша жазаның өтелмеген бөлігі екі есеге дейін қысқаруы мүмкін.
Сонымен қатар заң жобасында рақымшылық қолданылмайтын қылмыстардың нақты тізімі көрсетілген. Олардың қатарында сыбайлас жемқорлық, терроризм және экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар, азаптау фактілері, қылмыстың қайталануы және қоғамдық қауіптілігі жоғары өзге де құқық бұзушылықтар бар.
Депутаттың сөзінше, алдағы рақымшылықтың басты ерекшелігі – Қазақстанда алғаш рет әкімшілік рақымшылықтың да қатар жүргізілуі.
Әкімшілік рақымшылық шеңберінде Қазақстан азаматтары, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар мен заң консультанттары әкімшілік айыппұлдардан босатылуы мүмкін. Алайда соттардың шешімімен салынған айыппұлдар мен қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтар үшін белгіленген айыппұлдарға бұл жеңілдік қолданылмайды.
Абзал Құспанның айтуынша, заң жобасын қабылдау қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық салдарға әкелмейді. Сондай-ақ құжатта бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу бойынша жергілікті атқарушы органдардың міндеттері де қарастырылған.
Заң жобасын қарау Мәжілісте жалғасады.