26 Сәуір 2017, 14:48 313 0 Заң Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Метроға жарылғыш зат қойылды деген хабарды 9 жастағы бала берген

Алматыдағы метроға жарылғыш зат қойылды деп 9 жастағы бала хабар берген, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Енді жеткіншектің ата-анасына ірі айыппұл салынуы мүмкін. Өйткені жалған ақпар бойынша бір нысанды тексеруге кететін шығын ең кемі 500 мың теңге. Ал кеше кешкісін қаладағы 9 бірдей бекет түгел тексерілген. Еске салсақ, кеше кешкісін 112 нөміріне суыт хабар түскен болатын. Полицейлер дереу қауіпсіздік үшін метродағы бүкіл жолаушыларды сыртқа шығарған. 9 бекетті 4 сағатқа жуық тексерген мамандар қауіпті ештеңе таппапты. Ал қылжақбастың өзін бір сағатқа жеткізбей анықтаған. Ол Алматы облысы Сарқанд ауданының 9 жастағы тумасы. Қазір осыған қатысты қылмыстық іс қозғалған. Негізі мұндай жалған ақпарат үшін 6 жыл жаза кесіледі. Ал қоңырау шалған бала әлі кәмелетке толмаған. Енді оның мәселесін сот шешуі тиіс. "Қылмыстық әрекеттерді тексеру барысында суыт хабарды мемлекет тарапынан тексеруге жұмсалған қаржы-қаражатты, шығын мөлшерін өтеу сот арқылы көзделуі мүмкін", - деп хабарлады Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Соңғы жаңалықтар