«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін автоматты камералардан жалтару мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірлерін әдейі жасырған үш жүк көлігін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тексеру барысында барлық көлік құралдары мен олардың жүргізушілерінің жеке басы анықталып, құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді. Автокөліктер арнаулы тұраққа қойылды.
Полиция мәліметінше, жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқару, сондай-ақ нөмірді тануға кедергі келтіретін құрылғылар мен материалдарды пайдалану заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады.
Мұндай құқық бұзушылық үшін бес тәулікке дейін әкімшілік қамақ және бір жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы қарастырылған.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін құқық бұзушылықтарға жол бермеуге шақырды.