Қарағанды облысында балалардың терезеден құлауына байланысты тағы бір қайғылы жағдай тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға Қарағанды қаласының 17 шағын ауданында болған. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 2021 және 2024 жылы туған екі ұл бала ересектердің қарауынсыз қалып, бесқабатты үйдің екінші қабатындағы пәтердің терезесінен құлап кеткен.
Түрлі жарақат алған балалар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оқиға кезінде үйде ересектер болмаған, – делінген хабарламада.
2026 жылдың басынан бері Қарағанды облысында балалардың терезеден құлауына қатысты 10 жағдай тіркелген.
Өңірлік ТЖД ата-аналарға масаға қарсы торлардың баланы ұстап қала алмайтынын ескертті. Мамандар терезелерге арнайы бекіткіштер мен қорғаныс құрылғыларын орнатуға, терезе маңынан жиһаздарды алыстатуға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырды.