Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісі 7,5 пайызға өсті

/
Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісі 7,5 пайызға өсті
Istockphoto

Қазақстан ЕАЭО елдері арасында өнеркәсіп өсімі бойынша көшбасшылардың қатарына енді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Еуразиялық экономикалық комиссиясы жариялаған көрсеткіштерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында еліміздегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,5%-ға артқан.

ЕЭК дерегінше, 2025 жылы ЕАЭО елдеріндегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 101,6%-ды құраған. Бұл ретте Қазақстан одаққа мүше мемлекеттер арасындағы ең жоғары өсім көрсеткен елдердің бірі болды. Көш басында өнеркәсіп өндірісі 10,6%-ға өскен Қырғызстан тұр.

Жыл қорытындысы бойынша Арменияда өнеркәсіп өндірісі 4,7%-ға, Ресейде 1,3%-ға өскен. Ал ЕАЭО елдері ішінде өндіріс көлемі төмендеген жалғыз мемлекет – Беларусь. Онда көрсеткіш 1,8%-ға азайған.

Сондай-ақ комиссия 2025 жылдың желтоқсан айындағы мәліметтерді де жариялады. Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 8,1%-ға өскен. Ал 2025 жылдың қарашасымен салыстырғанда өсім 10,4%-ды құраған.

Жалпы ЕАЭО бойынша желтоқсанда өнеркәсіп өндірісі бір жыл ішінде 3,9%-ға артқан. Ең жоғары өсім Арменияда тіркеліп, көрсеткіш бірден 38,6%-ға жеткен. Қырғызстанда өсім 10,4%, Қазақстанда 8,1%, Ресейде 3,7% болған. Ал Беларусьта, керісінше, өндіріс көлемі 2,9%-ға төмендеген.

Есепте 2024 жылы ЕАЭО елдеріндегі өнеркәсіп өндірісі 2023 жылмен салыстырғанда жалпы 5%-ға өскені де айтылған. Сол жылы Қазақстанда да оң динамика байқалып, өсім 2,8%-ды құраған.

ЕЭК жариялаған статистикалық мәліметтердің алдын ала екені және кейін нақтылануы мүмкін екені атап өтілді. Сондай-ақ комиссия Ресейдің 2024-2025 жылдарға арналған өнеркәсіп өндірісі статистикасын нақтылауына байланысты ЕАЭО бойынша деректердің қайта есептелгенін хабарлады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары