Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Ұлттық ұлан “Орталық” өңірлік қолбасшылығының әскери оркестрі Жезқазған қаласының тұрғыны, Ұлы Отан соғысының тыл ардагері Раиса Натфуловнаны арнайы құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарағанды қаласынан арнайы келген әскери оркестр ардагердің шаңырағының алдында мерекелік музыкалық бағдарлама ұсынып, соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Әсерлі әуен мен әскери музыканттардың өнері ардагерге ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастырды.
Іс-шара барысында Ұлттық ұлан қызметшілері Раиса Натфуловнаға жылы лебіздерін білдіріп, бейбіт өмір мен жарқын болашақ үшін көрсеткен ерлігі мен қажырлы еңбегіне алғыстарын жеткізді. Сонымен қатар, ардагерге гүл шоқтары табысталды.

Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, батырлар ерлігін ұмытпауға үндейді. Ұлттық ұлан сарбаздары ардагерлерге құрмет көрсету — қасиетті парыз екенін атап өтті.
Ұлы Жеңіс мерекесі — ерлік пен елдік рухын дәріптейтін маңызды күн. Ардагерлерге көрсетілген құрмет олардың жанқиярлық ерлігіне деген шынайы ризашылықтың белгісі болып қала береді.
