Екатеринбургтен Ақтауға тікелей рейс іске қосылады

/
Екатеринбургтен Ақтауға тікелей рейс іске қосылады
istockphoto.com

Ресейлік Red Wings әуе компаниясы Екатеринбургтен Ақтауға жаңа тікелей рейс ашатынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Red Wings әуе компаниясының мәліметінше, 11 маусымнан бастап жолаушылар Кольцово әуежайынан Ақтауға ұша алады.

Рейстер жазғы маусым бойы аптасына екі рет орындалады. Бейсенбі күндері ұшақ жергілікті уақытпен сағат 09:10-да, сенбі күндері 06:10-да ұшады. Ұшу ұзақтығы – 2 сағат 30 минут. Бағытта ресейлік өңірлік Sukhoi Superjet 100 ұшағы пайдаланылады.

Ақтау Red Wings әуе компаниясының Екатеринбургтен ұшатын бағыттар картасындағы Қазақстанның үшінші қаласы атанды. Орал астанасы мен қазақстандық мегаполистер арасындағы тұрақты әуе қатынасы 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жолаушылар үшін Астана мен Алматыға да тікелей рейстер қолжетімді.

Әуе компаниясы Ақтауды Қазақстанның батысындағы болашағы зор курорттық бағыт ретінде таныстырып отыр. Мұнда туристерге жағажай демалысы, табиғи және индустриялық ландшафттың ерекше үйлесімі ұсынылады.

Еске салсақ, Red Wings әуе компаниясы Екатеринбург пен Ақтау арасындағы рейстерді алғаш рет 2022 жылдың жазында іске қосқан болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары