Жамбыл облысында кене шаққан адам көз жұмды

/
Жамбыл облысында кене шаққан адам көз жұмды
Pixabay

Жамбыл облысында кене шаққан ер адам көз жұмды. Шу ауданында ауру жұқтырған малшы дер кезінде екпе алмай, ауруды асқындырып алған, деп хабарлайды КТК арнасы.

Телеарна мәліметінше, қазір зиянкес жәндік шаққан үш жүздей адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Олардың қанынан қауіпті қызба белгілері табылмады. Әйтсе де аурудың табиғи ошағы анықталған аймақта геморрагиялық безгектің таралу қаупі басым.

Қора- қопсыны залалсыздандырған малшылар қауіп жайылымнан да келіп жатыр дейді. Қазір Байзақ ауданындағы малшылар кенеден келген кеселден төрт- түлік қатты зардап шегіп отырғанын айтады.

"Құмның орнында көп, отырған жеріңде атпен отырсаң да, былай отырсаң да, құмның астынан кене шыға береді. Қазір ол жақта малдар құрттап жатыр, сол кененің кесірінен. Жаңа туған қозылардың жұмсақ жері — төсіне жармасады. Кене шағады, оның орнын қасиды, тебінеді, қанайды, содан кейін құрттайды", - деді малшы Жұмабай.

Өрістегі малдың мазасын алған жәндіктер адамдарды айналып өтпеген. Табиғат аясында тыныстауға шыққан жүздеген адамды кене шағып, инфекциялық ауруханаға жеткізілген. Олардың көбі — жұқпалы аурудан аман. Ал кенеден келетін кеселді елемей, уақыт өткізіп алған малшыны құтқару мүмкін болмаған.

"Мұндай жағдайдың алдын алу үшін бірден аурухаға барып, ауруға қарсы екпе алу қажет. Ауру асқынып кетсе кеш болады. Қазір халықты қауіпті індеттен қорғау үшін көктемгі зерделеу басталды. Аурудың табиғи ошағы саналатын жерлерден 2700-ден астам кене жиналып, зетханаға жіберілді. Нәтижесінде 151 кенеден қауіпті безгектің жұқтырғышы анықтылып отыр", - деді Жамбыл облысы санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Нелли Мүлікова.

Бұған дейін Жамбыл облысындағы 42 елді мекеннен Конго-қырым геморрагиялық безгегінің қауіпті белгілері анықталған. Қазір қайғылы жағдайдан кейін бұл елді мекендерден қайтадан сынама алынып, зертханаға жіберілген. Осылайша аурудың табиғи таралу ошағы қайта анықталмақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары