Оралда лифт құлап, төрт адам ауыр жарақат алды

/
Оралда лифт құлап, төрт адам ауыр жарақат алды
istockphoto.com

16 сәуір күні Оралдағы "Aster автомобили" ЖШС ғимаратында лифтінің тросы үзіліп, кабинасы бірінші қабаттан жертөлеге құлаған, деп хабарлайды turkystan.kz сайты  "Уральск 404" Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Оқиға кезінде лифт ішінде автосалонның төрт қызметкері болған. Олардың барлығы ауыр жарақат алып, қол-аяқтары мен омыртқалары сынған.

Зардап шеккендердің мүддесін қорғайтын заңгер Ілияс Сарсенғалиевтің айтуынша, лифтінің техникалық жағдайына қатысты алдын ала мәліметтер оның еш жерде тіркелмегенін, қызмет көрсетілмегенін және құжаттарының жоқ екенін көрсетеді.

«Зардап шеккен әйелдер ауруханадан шықты, қазір үйде ем қабылдап жатыр. Омыртқасы зақымданғандары қозғала алмай, төсекке таңылған. Ем-домды өз қаражатына алып жатыр, жұмыс беруші тарапынан ешқандай төлем жасалмаған. Еңбек инспекциясының тексеру қорытындысын күтіп отырмыз. Әйелдерге денсаулығына келтірілген зиян үшін және заң бойынша тиесілі барлық өтемақы төленуі тиіс», – деді Ілияс Сарсенғалиев.

"Aster автомобили" ЖШС-нің иесі – алматылық Алексей Бакал. Оның атына тіркелген 17 компания бар, олардың басым бөлігі автокөлік сатумен айналысады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары