Фамиль Мехтизаде: Қазақстан – мүмкіндіктер мекені

/
Фамиль Мехтизаде: Қазақстан – мүмкіндіктер мекені

Қазақстан халқының бірлігі күні – еліміздегі татулық пен келісімнің символына айналған ерекше мереке. Көп ұлт өкілдері бұл күні бір-біріне ақ тілегін арнап, ізгі ниетін білдіреді. Әсіресе, әзербайжан ұлтының өкілдері бұл мерекені ерекше ықыласпен атап өтіп, достық пен бауырластықтың қадірін айрықша дәріптейді. Ресми деректерге сәйкес, елімізде әзербайжан ұлтының 157 568 өкілі тұрады екен. Олар қоғамдық өмірге белсене араласып, ел ішінде бірлік пен татулықтың нығаюына өз үлесін қосып келеді. Солардың бірі – Астанада жеке тіс емханасын ашқан дәрігер Фамиль Мехтизаде. Фамиль 1 мамыр мерекесінің маңызын ерекше атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz

Фамильдің сөзінше, Қазақстан – бірлік пен достықты басты құндылық ретінде дәріптейтін ел.

«1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мен үшін өте маңызды мереке. Бұл күн елімізді мекен еткен көп ұлттың татулығы мен сыйластығы айрықша байқалады. Қазақстанда достық пен бірлікке айрықша мән беріледі. Бұл қоғамның тұрақтылығы мен дамуына үлкен үлес қосатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан бұл айтулы мерекенің әрбіріміз үшін маңызы орасан зор.

Қазақстанда маған білім алып, еңбек ету үшін барлық жағдай жасалған. Өзімді бұл елде еркін әрі жайлы сезінемін. Қазақстан мен үшін үлкен мүмкіндіктер еліне айналды. Сондықтан мені адам әрі маман етіп тәрбиелеп шығарғаны үшін шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді ол.

Фамиль елімізде жастардың өсіп-өнуіне көп мүмкіндік барын айтады. Ең бастысы – оны тиімді пайдаланып, болашаққа нық қадам жасау.

«Қоғамның өркендеуі әр азаматтың еңбегіне тікелей байланысты. Қазақстанда өсемін, өнемін деген адамға барлық жағдай бар. Әсіресе жастар үшін мүмкіндік көп, тек соны дұрыс пайдалану маңызды.

Бірлік күніне орай барша Қазақстан халқына амандық, тыныштық, береке тілеймін! Елімізде әрқашан татулық сақталып, халықтар арасындағы достық нығая берсін! Бірлігіміз бекем, болашағымыз жарқын болсын!», – деді Ф. Мехтизаде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары