Яна Легкодимованы өлтіргендер абақтыға жөнелтілді

/
Яна Легкодимованы өлтіргендер абақтыға жөнелтілді
Ғаламтор

Яна Легкодимованы өлтіргені үшін сотталған Алтынбек Қатимов пен Ризуан Хайржанов Атыраудағы тергеу изоляторынан өмір бойына сотталғандарға арналған мекемеге этаппен жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталғандар 19 сәуір күні таңертең басқа да тұтқындармен бірге арнайы вагонмен жеткізілген. Белгіленген тәртіпке сәйкес, оларды алдағы этап туралы жөнелтілуіне небәрі бір сағат қалғанда ғана хабардар еткен.

Бұған дейін этаптаудың нақты мерзімі жария етілмеген болатын. Үкім заңды күшіне енгеніне қарамастан, айыпталушылар бірнеше ай бойы тергеу изоляторында қалған.

Қаза тапқан қыздың анасы уәкілетті органдарға жүгініп, сотталғандардың жазасын өтеу орнына қашан жіберілетінін түсіндіруді сұраған.

Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бұған дейін этаптау арнайы күзет бөлінгеннен кейін және барлық белгіленген рәсімдер сақтала отырып жүргізілетінін хабарлаған еді. Қазіргі мәліметтерге сәйкес, сотталғандар өмір бойына бас бостандығынан айырылғандарға арналған колонияға жеткізілген.

Еске салайық, 17 қараша күні Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Яна Легкодимованы өлтіру ісі бойынша үкім шығарылған болатын. Сотталушылар Ризуан Асланов пен Алтынбек Қатимов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Олар жазаларын төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Зарема Хамидуллина үкімді жариялағаннан кейін Атырау облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, 28 жастағы полиция капитаны Темірхан Хажмұратовтың жұмысын атап өтті. Сот Хажмұратовты ынталандыру туралы жеке қаулы қабылдады. Ол өңірде бірнеше ауыр қылмысты тергеген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары