Астанада болған жойқын өрттен аман қалғанымен, үш бірдей баласынан айырылған әйел есін жиды. Дегенмен дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалап отыр, деп turkystan.kz тілшісі КТК телеарнасының сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі уақытта әйел жетінші тәуліктен бері жансақтау бөлімінде жатыр.
Дәрігер-травматолог Марат Сабировтың айтуынша, науқастың жағдайының ауырлығы күйік ауруымен, тыныс алу жолдарының зақымдануымен және ағзаның улануымен байланысты.
"Қазір пациент есін жиды. Барлық қажетті дәрі-дәрмекпен қолдау көрсетіліп жатыр. Тыныс алуы жасанды желдету аппараты арқылы қамтамасыз етілуде. Жүрек жұмысы мен қан қысымы тұрақты", – деді дәрігер.
Зардап шеккен әйел әлі де елордалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Оның психологиялық жағдайы туралы нақты ақпарат әзірге жарияланған жоқ.