Астанадағы өрт: құтқарушыларға кедергі келтірген жүргізуші жауапқа тартылды

/
Астанадағы өрт: құтқарушыларға кедергі келтірген жүргізуші жауапқа тартылды
видеодан скриншот

Астанадағы қайғылы оқиға кезінде өртсөндірушілердің жұмысына кедергі келтірген көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция департаментінің мәліметінше, "Көркем-3" тұрғын үй кешенінің ауласындағы жолды жауып тұрған автокөлік оқиға орнынан дереу алынып, жүргізуші анықталған. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Ведомство өкілдері мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, шұғыл қызметтердің жұмысын тежейтінін атап өтті. Сондықтан осындай заңбұзушылықтарға қатаң шара қолданылатыны ескертілді.

Жүргізуші Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы бойынша жазаланды. Бұл бапқа сәйкес, 5 АЕК-тен 15 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған. 2026 жылғы есеп бойынша бұл 21 625 теңгеден 64 875 теңгеге дейінгі соманы құрайды.

Еске салайық, 12 сәуірге қараған түні елордадағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты үйдің 15-қабатында өрт шыққан. Қайғылы оқиға салдарынан үш бала қаза тауып, бір әйел күйік алып, ауруханаға жеткізілді.

Құтқару жұмыстары барысында жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетінше сыртқа шыққан.

Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталып, тиісті сараптамалар жүргізілуде. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде өрт сөндіру көлігінің жолын бөгеген автокөлік туралы ақпарат кеңінен талқыланған еді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары