Халықаралық іздеуде болған қазақстандық блогер Қайсар Қамза Вьетнам аумағында қолға түсті. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Интерпол арналары арқылы Вьетнам құқық қорғау органдарымен бірлескен операция нәтижесінде Камрань қаласында күдікті ұсталған.
Тергеу деректеріне сәйкес, блогер әлеуметтік желілерде онлайн-казиноны жарнамалап, қолданушыларды құмар ойындарға тартумен айналысқан. Оның аудиториясы 2,4 миллионнан асады.
Алдын ала ақпарат бойынша, Қайсар Қамза осы әрекеттер арқылы 100 миллион теңгеден астам заңсыз табыс тапқан. Қаражат оның атына тіркелген криптовалюта әмияндарына аударылып отырған.
Қазіргі уақытта күдіктіні Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр.