Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына жолдаған депутаттық сауалында ауылдық және аудандық мәдениет саласындағы өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz
Депутаттың айтуынша, өңірлердегі мәдениет үйлерінде еңбек етіп жүрген қызметкерлердің жалақысы өте төмен. Мәселен, 20 жыл еңбек өтілі бар мамандардың айлығы шамамен 200 мың теңге деңгейінде қалып отыр. Сонымен қатар көпшілігі сыйақы мен үстемақылардан қағылып келеді.
Оның пікірінше, бұл жағдай жас мамандардың ауылға барудан бас тартуына себеп болып отыр. Нәтижесінде кейбір мәдениет үйлерінде бір адам бірнеше қызметті қатар атқаруға мәжбүр.
Сондай-ақ депутат ауылдық мәдениет ұйымдарының басшыларына еңбек өтілі мен санаты толық есептелмейтінін, соның салдарынан олардың жалақысы қарапайым қызметкерлерден де төмен болып қалатынын атап өтті.
Қаладағы мәдениет қызметкерлерінің жағдайы да күрделі. Оларға ауылдық жерлерге берілетін 25% үстемақы қарастырылмаған. Бұған қоса, көптеген мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы ескірген.
Депутат Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениетті «ұлттың төлқұжаты» деп бағалағанын еске салып, бұл саланы қолдауды күшейту қажет екенін айтты.
Осыған байланысты Нартай Сәрсенғалиев Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады:
– мәдениет үйлерін жөндеу және материалдық базасын жаңарту;
– мереке және демалыс күндеріндегі еңбек үшін қосымша ақы төлеуді қатаң бақылау;
– мәдениет қызметкерлеріне арналған әлеуметтік пакетті кеңейту;
– жалақыны жүйелі түрде арттыру;
– біліктілікті арттыру және халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігін дамыту.
Депутаттың айтуынша, мәдениет саласын қолдау – ұлттық идеологияны нығайтудың және өңірлердегі рухани өмірді дамытудың басты шарты.