Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселесі туралы баяндама жасап, елдегі бұралқы иттер проблемасының ушығып тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда бұл мәселе тек жануарларға қатысты емес, ең алдымен адам қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін факторға айналған. Оның дерегінше, елде бір жыл ішінде 41 мыңнан астам адамды ит қапқан, соның жартысынан көбі – бұралқы иттердің шабуылы.
Ол әр сағат сайын бірнеше адамның ит шабуылына ұшырайтынын айтып, мәселенің әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сипат алғанын атап өтті.
Жаңбыршин қолданыстағы заң нормалары күткен нәтиже бермегенін айтты. Атап айтқанда, бұралқы жануарларды «ұстау – стерилизациялау – вакцинациялау – қайта жіберу» тәсілі олардың санын азайтпаған. Керісінше, соңғы жылдары қаңғыбас жануарлар саны өсіп отырғаны айтылды.
Осыған байланысты депутат заң жобасы аясында бірқатар маңызды өзгерістер ұсынылып отырғанын жеткізді. Негізгі түзетулердің бірі – бұралқы иттерге қатысты қайтарымды аулау тәсілінен бас тартып, қайтарымсыз аулау моделіне көшу.
Сонымен қатар:
– ұстаған жануарларды уақытша ұстау мерзімі енгізіледі;
– жергілікті атқарушы органдардың шұғыл әрекет ету өкілеттігі күшейтіледі;
– ит пен мысықты міндетті чиптеу қарастырылған;
– жануар иелерінің жауапкершілігі арттырылады.
Депутаттың айтуынша, міндетті чиптеу нормасы жануар иесін анықтауға, оларды қараусыз қалдыру фактілерін азайтуға және жалпы бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, заң жобасы иесіз мысықтарға қатысты гуманистік тәсілді сақтайды. Бұл ретте тәсіл жануарлардың мінез-құлқы мен қауіп деңгейіне қарай сараланып отыр.
Жаңбыршин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанымына сүйене отырып, жануарларға жанашырлық маңызды болғанымен, азаматтардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігі басымдыққа ие болуы тиіс екенін атап өтті.
Депутаттың пікірінше, ұсынылып отырған өзгерістер бұралқы иттер санын азайтуға, шабуыл жағдайларын қысқартуға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.