Қызылорда тұрғыны Ақтөбеден мал ұрлаған

/
Қызылорда тұрғыны Ақтөбеден мал ұрлаған
polisia.kz

Ақтөбе облысында полицейлер мал ұрлаған көрші облыстың азаматын ұстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сәуір айында Шалқар ауданының тұрғыны полицияға бір бас тайының жоғалғаны туралы арызданған. Оның айтуынша, жануар наурыз айында ауыл маңындағы еркін жайылымда қараусыз жүрген жерінен жоғалып кеткен.

Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында жылқы ұрлығына қатысы бар күдікті анықталды. Ол — Қызылорда облысының тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында күдікті көршілес облыстың Шалқар ауданына жақын орналасқан ауылдағы шаруа қожалығының иесі екені белгілі болды. Ол биыл наурыз айының соңында Шоқысу ауылы маңында еркін жайылымда жүрген бір жасар тайды ұрлағанын мойындады. 58 жастағы ер адам ұрланған жануарды далада сойып, етін жақындарына таратып берген.

Полиция қызметкерлері күдіктіге тиесілі шаруа қожалығынан тіркелмеген мылтықты, бірнеше патронды, қан дақтары бар қапшық пен пышақты, сондай-ақ қожалықтан төрт шақырым жерден сойылған тайдың терісін тәркіледі.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, 6-10 сәуір аралығында облыс аумағында "Мал ұрлығына жол жоқ!" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті мал ұрлығы үшін қылмыстық заңнамада мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді. Сондай-ақ азаматтарды малды қараусыз жібермеуге шақырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары