Кениялық боксшы Джейкоб Ойоко жекпе-жектен кейін ауруханада көз жұмды. Бұл ақпаратты Кенияның кәсіби бокс комиссиясы растады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Kenyans басылымының жазуынша, спортшы 38 жаста болған. Жекпе-жек 28 наурыз күні өткен.
Комиссия мәліметінше, оқиға кезінде дәрігерлер шұғыл түрде көмек көрсеткен. Боксшыға бірден ота жасалып, оттегі берілген және жедел түрде ауруханаға жеткізілген.
"Ринг жанында кезекші болған дәрігер толық медициналық есеп ұсынады", – делінген ресми хабарламада.
Алайда дәрігерлер Ойоконың өмірін сақтап қала алмады.
Басылым дерегінше, әлеуметтік желіде тараған видеода боксшының жекпе-жек барысында әлсіреп, аяқта әрең тұрғаны және қарсыласының соққыларын өткізіп алғаны көрінеді.
Оқиғаға байланысты тергеу басталды. Мамандар жекпе-жекке дейінгі медициналық тексеріс, салмақ өлшеу талаптары, рингтегі медициналық көмек пен төрешінің шешімі секілді барлық жайтты жан-жақты қарастырады.