Елена Рыбакина Майамидегі беделді турнирдің жартылай финалына шықты

/
Елена Рыбакина Майамидегі беделді турнирдің жартылай финалына шықты
Фото: ҚТФ

Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA 1000 сериялы Miami Open додасында бас жүлде үшін күресті жалғастыруда. Ширек финалдық бәсекеде отандасымыз АҚШ өкілі, әлемнің 5-ші ракеткасы Джессика Пегуланы қапы қалдырып, тартысты матчта жеңісті жұлып алды.
 
Ойын басы жерлесіміз үшін оңай болған жоқ: алғашқы сетте Рыбакина өз ырғағын таба алмай, негізсіз қателіктерге бой алдырды. Соның салдарынан бірінші партия 2:6 есебімен америкалық теннисшінің еншісінде кетті. Дегенмен, екінші кезеңде Қазақстан құрамасының көшбасшысы жинақталып, өз ойынын жақсартты және таразы басын теңестірді – 6:3.
 
Шешуші кезеңде Елена қарсыласының қарсылығын толықтай басып, сетті 6:4 есебімен аяқтады. Кездесудің жалпы қорытындысы – 2:6, 6:3, 6:4. Бұл табыс қазақстандық теннисшінің турнирдегі басты фавориттердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
 
Енді финал жолдамасы үшін Елена Рыбакина Арина Соболенко (WTA №1, Беларусь) мен Хейли Баптист (WTA №45, АҚШ) жұбының жеңімпазымен күш сынасады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары