Қарағанды – Балқаш тасжолында Chevrolet Cobalt автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі мен екі жолаушысы жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қайғылы жол-көлік оқиғасы 18 наурыз күні республикалық маңызы бар Астана – Қарағанды – Алматы автожолының бойында, Балқаштан Қарағанды бағытына қарай Ақшатау кентінен шамамен 40 шақырым жерде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлік ұзаққа созылған бұрылыста жолдан шығып кетіп, аударылып қалған. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Видео авторы жүргізуші рөлде отырып қалғып кеткен болуы мүмкін деген болжам айтады.
Қарағанды облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол апаты салдарынан жүргізуші мен екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, ауа райы мен жол жағдайын ескеруге және жылдамдықты асырмауға шақырды.