400 SIM-карта: Қостанайда алаяқтарға байланыс нөмірлерін тіркеуге көмектескен әйел ұсталды

/
400 SIM-карта: Қостанайда алаяқтарға байланыс нөмірлерін тіркеуге көмектескен әйел ұсталды
polisia.kz

Қостанай тұрғыны алаяқтардың сыбайласы деген күдікке ілінді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қостанай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтар үшін сим-карталарды белсендендірумен айналысқан 26 жастағы облыс тұрғынын анықтады.

Полиция мәліметінше, әйел белсендірілген нөмірлерге WhatsApp мессенджерінде аккаунттар тіркеп, кейін оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беріп отырған.

Дәл осындай нөмірлер арқылы алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп, өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері немесе түрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады.

Полицейлердің анықтауынша, әйел SIM-карталарды белсендендіру арқылы табыс тапқан. Төлемдер криптовалюта арқылы түсіп, кейін қаражат банктік шоттарға шығарылып отырған.

Тінту барысында 6 телефон, 3 планшет және әртүрлі байланыс операторларына тиесілі шамамен 400 SIM-карта тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен мүмкін болатын сыбайластары анықталуда.

Полиция алаяқтар көбіне мессенджерлер мен бөгде тұлғалардың атына рәсімделген нөмірлерді пайдаланатынын еске салады. Азаматтардан сақ болуды, жеке деректерін бермеуді және белгісіз адамдардың өтініші бойынша қаржылық операциялар жасамауды сұрайды

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары