Ердоған күшіне мінген кез

Ердоған күшіне мінген кез

Ердоған күшіне мінген кез
ашық дереккөзі

Түркияда референдум өтті. Президент Реджеп Тайип Ердоған билігі одан әрі күшейді. Себебі бүкілхалықтық референдум нәтижесінде Түрік Республикасының конституциясына түзетулер мен өзгертулер енгізу бастамасы заңдастырылып, елде президенттік билік жүйесі орнады. Өз жеңісіне масаттанған Ердоған «ел тарихында тұңғыш рет саяси жүйенің өзгерісі бейбіт түрде дауыс беру арқылы жүзеге асты» деп мәлімдеді. Түркиялық ақпарат көздерінің дерегіне жүгінсек, бүкілхалықтық референдумда дауыс берген 55 миллион түріктің 51 пайызы жаңартылған конституция мәтінін қолдаса, 48 пайызы оған қарсы шыққан. Қарсы дауыс бергендердің дені – Анкара, Стамбұл мен Измир сияқты ірі қалалардың тұрғындары мен шетелдегі түрік азаматтары. Елдегі оппозиция өкілдері дауыс беру барысында заң бұзушылықтар болғанын хабарлап, іле-шала наразылық шараларын ұйымдастырды. Бұған қоса, референдумды бақылаған халықаралық байқаушылар бұл шараны «демократия қағидаларына қайшы» деп сынап жатыр. Бірақ Ердоған билігінің сырт елдердің сынына душар болуы бірінші рет емес қой. Әсіресе, былтыр жаздағы сәтсіз әскери төңкерістен кейін Түркия билігінің ел ішінде жүргізген «тазалау» операциясы батыстық мемлекеттер тарапынан қатты сынға ұшырағаны белгілі. Әйткенмен, Ердоғанның авторитарлы басшы санала бастаған тұсы оның мемлекет билігі мен Ислам дінінің байланысын күшейтуге кірісуі болар. Оны бастапқыда «екінші Ататүрік» көрген Батыс кейін оған «авторитарлы басшы», «консервативті билеуші», «исламшыл» деп айдар таға бастады. Ердоғанды авторитарлы басшы санайтын еуропалық мемлекеттер референдум нәтижесін оң шыраймен қабылдай қоймады. Осы орайда, британдық «The Financial Times» газетінің «Түркияның жаңа конституциясы президентті қазіргі заманның сұлтанына айналдырады» деп жазуы Батыстық көзқарасты бір ауыз сөзбен тұжырып беруге жеткілікті сияқты. Сонымен, референдумнан соң Түркияда не өзгеріс болады? Бар билік бір адамның – президенттің уысына жинақталады. Мемлекет басшысы енді атқарушы үкіметті де басқаратын болды. Президент үкімет мүшелерін өзі тағайындап, елде төтенше жағдай жариялауға, заң құқығы бар жарлықтар шығаруға, жоғарғы соттың кей судьяларын тағайындауға және парламентті таратуға құқық алады. Бұған дейін шешуші рөл атқарып келген премьер-министр қызметі жойылады. Жаңадан енгізілетін вице-президенттерді президенттің өзі тағайындайтын болады. Бұған қоса президент саяси партияға мүше болуға, оны басқаруға құқық алады. Бұл дегеніңіз, Ердоған өзі құрған Әділет және даму партиясын мемлекет басшылығымен қатар алып жүруі мүмкін деген сөз. Ердоған мұндай түбірлі реформа жасаудың өзектілігін «елді ішкі және сыртқы қауіп-қатерлерден сақтау қажеттігімен» түсіндірген. Ол Түркияның жаңартылған билік жүйесі қазіргі АҚШ пен Франциядағы саяси жүйеге ұқсайтынын айтады. Конституцияға енгізілген өзгертулер бір жылдың ішінде күшіне енуі тиіс. Бұл өзгерістерге сәйкес, Түркиядағы келесі сайлау 2019 жылы 3 қарашада өтеді. Егер Ердоған келесі сайлауға түсетін болса, оның екі мәрте бес жылға сайлану құқығы бар, яғни ол 2029 жылға дейін президенттік құзыретін сақтай алады деген сөз. Жаңа реформа Түркияның Еуропа одағына мүше болу ықтималдығын одан әрі кейінге шегерді. Бірақ онсыз да бұл ұйымның мүшелері Түркияны өз қатарларына қосуға ынталы еді деп айтудың қисыны келмес. Британдық экс-премьер Д.Кэмеронның «Түркия 3000 жылы Еуроодаққа мүше болуы мүмкін» деген сарказмының астарында ешқашан ымыраласпайтын пейіл бар. Францияның экс-президенті Н.Саркози де кезінде: «Түркия ешқашан Еуроодаққа мүше болмайды» деген сыңайдағы мәлімдеме жасаған. «Бұға  берсең,  сұға  береді» дейтін ащы шындықты бүгінгі саясат растап отыр. Есесіне, Түркия – НАТО-ның белді мүшесі, бұл орайда Батыс елдері онымен санасуға, бірге әрекет етуге мәжбүр. Ал оның Еуропа сыртқы шекарасының қауіпсіздігін сақтаудағы маңызды стратегиялық әріптес екені онсыз да түсінікті. Тағы бір маңызды жайт, Түркия – Еуропаның сауда-саттық әріптесі. Мұның анық бір көрінісі, қаңтар айында Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Түркияға арнайы сапармен барып, 125 миллион долларға сауда-саттық келісімін жасап қайтқан еді. Сол жолы екі басшы Түркия мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымын жылына 20 миллиард долларға жеткізу туралы уағдаласты. Еуропа елдерінің Түркиядағы саяси өзгерістерге не себепті алаңдайтыны түсінікті. Бұл, ең әуелі, түрік жерін паналаған миллиондаған сириялық босқынның тағдырына байланысты. Босқындарды кәрі құрлыққа өткізбеуге қатысты Түркиямен жасалған келісім бұзылатын болса, онсыз да миграциялық дағдарыстың алғашқы толқындарынан шатқаяқтаған Еуропа одан әрі қайшылыққа ұрынуы кәдік. Сондықтан Ердоған қаншама сенімсіз көрінсе де, бұл елдегі саяси реформаларды қанша сынаса да, Батыстың демократиялық мемлекеттері «демократия жолынан ауытқып бара жатқан мұсылман мемлекетімен» қоян-қолтық тірлік етуге мәжбүр.